KazNARU

СУ РЕСУРСТАРЫН ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУ – МЕМЛЕКЕТ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ КЕПІЛІ

Бұл туралы 2023 жылдың 20 қарашасында Respublica партиясы мен ҚазҰАЗУ бірлесе ұйымдастырған «Суармалы егіншілік аймақтарындағы суды пайдаланудағы институционалдық өзгерістер» атты дөңгелек үстелде айтылды.

✅ Іс-шараға модераторлық жасаған Respublica партиясы Алматы қаласы филиалының директоры Айтуар Қошмамбетов жиынның күн тәртібінде: су шығынын азайту мақсатында қолданыстағы суару жүйелерін қалпына келтіру, жаңа объектілер салу; суармалы суды жоспарлау және есепке алу, су ресурстарын басқару ұйымдары арасында жауапкершілікті бөлу; жайылымдарды суару және суландыру мақсатында жер асты су қорларын пайдалану сияқты мәселелер қаралатынын атап өтті.

✅ ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов өзінің алғы сөзінде су тапшылығы жылдан жылға артып отырған қазіргі таңда көптеген елдер су ресурстарын басқару саясатын өзгертіп, осы саладағы мемлекеттік бақылау күшейтіліп отырғанына тоқталды. Қазақстанда да жылдар бойы қордаланған және әлі күнге дейін өз шешімін таппай отырған проблемаларды шешу, су тапшылығын жою үшін мемлекеттік деңгейде тиісті шаралар қабылданып жатқаны су шаруашылығын дамытуға тың серпін береді.

«Осыған орай, Respublica партиясы басшыларының біздің университетімізге арнайы келіп, бұл тақырыпты жан-жақты талдауға шақыруын осы іс-шаралару ауқымындағы маңызды қадамның бірі деп санаймыз. Осы сәтті пайдалана отырып, мен су мәселелерін кешенді шешу үшін осы саланың ғылыми және кадрлық әлеуетін нығайту қажет екендігін атап өткім келеді. Су шаруашылығындағы дағдарысты шешу мықты кадрларды дайындаудан басталатыны анық. Су саласында гидротехниктер, гидротехникалық құрылыстардың инженер-құрылысшылары, гидрогеологтар, гидрологтар, гляциологтардың тапшылығы байқалады. Міне, осы олқылықтың орын толтыру мақсатында біз ҚазҰАЗУ базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің су шаруашылығы мамандарын бірлесіп даярлау жөніндегі филиалын ашу мәселесін жүзеге асырудамыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Бұдан кейін сөз алған Respublica партиясының Төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі Айдарбек Қожаназаров халық санының өсуі мен ел экономикасының қарқынды дамуы жағдайында су ресурстарын ұтымды пайдалану бүгінгі таңда өте өзекті мәселе болып отырғанынан бастады.

«Біз барлық дерлік өңірді аралап, су тораптары, каналдар басына бардық. Елдің оңтүстік, солтүстік, батыс өңірлерінде болып, суарудағы проблемалармен таныстық. Су мәселесі барлық жерде халықтың мұң-мүддесін қозғайтынын көрдік. Сондықтан біздің фракция осы мәселеге тікелей мән беріп, жобаға бөліп, онымен жүйелі түрде айналысып келеміз. Бүгінгі кездесу – Алматыдағы сапарымыздың ішіндегі ең маңызды шара. Су саласындағы сарапшылар, ғалымдар, маман-практиктер, фермерлік-қоғамдастық өкілдерімен кездесу үшін біз Қазақстанның ғылыми ордасы – оңтүстік астанаға арнайы командамызбен келдік. Алдағы сессияда Мәжіліске ҚР Су кодексінің жобасы жіберіледі. Сондықтан, сіздердің пікірлеріңіз бүкіл қоғам үшін маңызды, осы салада қордаланып қалған проблемаларды, су инфрақұрылымы, су тапшылығы, жер күйіне қатысты мәселелерді, ең түйткілді проблемаларды қайтсек шешеміз деп ақылдасуға келдік. Сіздердің ұсыныс-пікрлеріңіз.», - деді партия басшысы Айдарбек Асанұлы.

✅ Дөңгелек үстел барысында танымал сарапшы-ғалымдар, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы Медеу Ақметқал Рахметуллаұлы, Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясы жанындағы Су шаруашылығы мәселелері жөніндегі ғылыми-ақпараттық орталықтың қазақ филиалынан Яхияева Құралай Қалмағанбетқызы, У.М.Ахмедсафин атындағы гидрогеология және экология институтының директоры Әбсаметов Мәліс Құдысұлы, ҚР Минералдық ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі Жусиев Шалабай Айтпайұлы, су шаруашылығының білікті маманы Әбішев Ислам Алмаханұлы, су тұтынушылар саналатын агробизнестің, жергілікті басқару органдары мен мәслихаттардың өкілдері қатысып, өз ойлары мен көзқарастарын ортаға салды.

✅ Дөңгелек үстелге қатысушылар жиын қорытындысында су саласының қазіргі проблемалары және оларды шешу жолдары туралы айтылған барлық ұсыныстарды заңнамалық негіздерді одан әрі жетілдіру мақсатында тиісті жоғарғы басқару органдарының қарауына жіберуге шешім қабылдады.

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Қазақ ұлттық аграрлық университетінің басшылығына, қатысушыларға дөңгелек үстелді ұйымдастыруға белсенді қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник