2025 жылғы 7 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (ҚазҰАЗУ) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмасымен «Жалпыұлттық диктант» акциясы өтті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, жазу сауаттылығын жетілдіру және ұлттық бірегейлік пен тіл мәдениетін нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырған маңызды іс-шараға университеттің білім алушылары мен профессорлық-оқытушылық құрамы, ғылыми қызметкерлері қатысты.
Іс-шарада университеттің академиялық сұрақтар бойынша департамент директоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алпысбаева Гүлмира Егізбаевна кіріспе сөз сөйлеп, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру бағытындағы жұмыстардың қоғамдағы маңызына тоқталды.
Мемлекеттік тіл ана тілі болып табылатын қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Оқу жайы» мақаласынан үзіндіні жазса, мемлекеттік тілді екінші тіл ретінде меңгергендер «Отан» тақырыбындағы мәтінді жазды.
Қасиетті қара шаңырақтың 18-19 жастағы білім алушыларынан бастап, жасы сексеннен асқан ардагер ұстаздарға дейінгі аралығын қамтыған 800-ге жуық студенттері мен қызметкерлерінің қолына қалам ұстап, диктант жазуы мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік пен құрметті ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын да танытады. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің байырғы түлегі, қазіргі уақытта осы оқу ордасының ұстазы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Атақұлов Тастанбек Атақұлұлы сауатты жазу мәдениетін көрсетіп, кейінгі толқынға өнеге болды.
Бүгінгі іс-шара Тіл – ұлттың жаны, ал сауатты жазу – азаматтық жауапкершіліктің белгісі екендігін тағы бір мәрте дәлелдей түспек.


.jpeg)

.jpeg)