KazNARU БАЗАСЫНДА «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП – 2025» РЕСМИ АШЫЛДЫ
2025 жылғы 2 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «Халықаралық жазғы мектеп – 2025» жұмысының ресми ашылуы болып өтті. Оған алыс-жақын шет елдерден – АҚШ, Қытай, Малайзия, Германия, Польша, Румыния, Түркия, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа мемлекеттерден, еліміздегі серіктес ЖОО-лардың жетекші ғалымдары, KazNARU проректорлары мен профессор-оқытушылары, барлығы 400-ден астам студенттер мен оқытушылар оффлайн және онлайн режимде қатысуда.
Халықаралық жазғы мектеп аясында 10 бағыт бойынша дәрістер өткізіліп, ғылым мен инновациялық білім саласындағы алдыңғы қатарлы жетістіктер талқыланады. Басты мақсат – заманауи талаптарға сай жаңаша білім беру, практикалық дағдыларды, жаңа технологиялар мен ғылыми зерттеулер жүргізу әдістемелерін үйрету және тарату.
Мектептің ашылу салтанатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры, ҚР ҰҒА Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының Құттықтау хаты оқылды. Онда университет басшысы алдағы өтетін дәрістердің өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуына және барлық қонақтар мен отандық профессор-оқытушылардың белсенділікпен қатысуына сәттілік тіледі.
Жиынды ашқан KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в,ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов өз сөзінде ғасырға жуық тарихы бар жоғары оқу ордасының «цифрлық университетке» айналдыру бағытындағы қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыстарына тоқталып, білім беруді интернационализациялауға және ҚР Үкіметі қолдайтын стратегия аясында халықаралық әріптестікті кеңейтуге басымдық берілетінін атап өтті.
«Біз соңғы жылдары академиялық байланыстар географиясын белсенді түрде кеңейтіп келеміз. Бүгінгі таңда әлем бойынша 180-ден астам жетекші университеттермен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен келісімдерге қол қойды. Сонымен қатар, шетелдік студенттерді оқытуға үлкен мән беріледі – алдағы оқу жылында олардың санын екі есеге көбейту жоспарлануда. Біз сіздердің көпшілігіңізді көпұлтты және серпінді студенттер қауымдастығының құрамында көреміз деп үміттенеміз» - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Екіншіден, шетелдік серіктестермен бірлесе отырып, KazNARU цифрлық трансформация бағдарламасын жүйелі жүзеге асыруда. Мысалы, Қытай аграрлық университетімен бірлесіп су ресурстарын интеллектуалды басқару үшін "Цифрлық зертхана", Ланьчжоу университетімен "Ақылды ауыл шаруашылығы" орталығы құрылды. Бұл жобалар климаттық өзгерістерге бейімделу және аграрлық сектордың тұрақтылығын арттыру үшін озық технологияларды енгізуге бағытталған.
Үшіншіден, KazNARU қолданбалы ғылым үшін ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы мен инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударады. Ғылыми зерттеулер жүргізуде және бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауда бұл қадамдар маңызды рөл атқаратынын тәжірибе көрсетіп отыр. Атап айтқанда, Небраска - Линкольн Университетімен (АҚШ) бірлесіп вакциналарды әзірлеу және сынау, Агротехнологияларды трансферттеу және фермерлерді оқыту жүйесін (Extension Service) енгізу жөніндегі бағыттарды қоса алғанда, зертханалық базаны дамытуға инвестиция салынбақ.
Сондай-ақ, озық ғылыми және білім беру ұйымдарының халықаралық дәрежедегі танымал оқытушылармен, зерттеушілермен неғұрлым белсенді бірлескен ғылыми жұмыстар қолға алынуда. Scopus және Web of Science базаларында индекстелген жоғары рейтингті журналдарда зерттеу еңбектерін жариялау белсенділігі артып келеді.
«Біздің университет өз тарапынан жалпы агроөнеркәсіптік кешеннің кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал ете отырып, жақын және алыс шетелдерден келген әріптестермен бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайын. Біз жаңа серіктестіктерге ашықпыз және сіздермен бірге халықаралық деңгейде аграрлық білім мен ғылымның тұрақты дамуына елеулі үлес қоса алатынымызға сенімдіміз. Жазғы мектептің барлық қатысушыларына шығармашылық шабыт пен нәтижелі жұмыс тілейміз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Салтанатты жиында «Инновациялық экожүйені дамыту: стартаптар және бизнес-инкубациялау» шағын МВА» мектебінің өкілі, АҚШ Небраска-Линкольн, университетінің профессоры Эндрю Зимбров, Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі Властимил Самек, Қытай ауылшаруашылығы университеті «IT технологияларын пайдаланып су ресурстарын басқару» мектебінің өкілі Хэ Юйцзе, Болгария Республикасы Орман шаруашылығы университеті «Орман және жер ресурстарын тұрақты басқару» мектебінің өкілі а.ш.ғ.д., профессор Александр Ташев, Біріккен Араб Әмірлігінің «Түйе өсіру орталығының» ғылыми директоры, «Клиникалық ветеринария» мектебінің өкілі Julian Skidmore ханым, Варшава жаратылыстану ғылымдары университетінің профессоры, «IT-технологияларын пайдаланып су ресурстарын басқару» мектебінің өкілі Ярослав Чорманский сөз сөйледі.
Спикерлер «Халықаралық жазғы мектеп – 2025» аясында өтетін дәрістер мен шеберлік-класстардың, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен презентациялардың, практикалық сабақтардың мазмұны өте бай екендігін айта отырып, білім беру жүйесіндегі интернационалдандыру өз нәтижесін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, жазғы мектеп жұмыстарын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, өздерін жылы шыраймен қарсы алып, жайлы да, кең жатақханаларға орналастырып, қолайлы жағдай жасағандары үшін KazNARU басшылығыныа ризашылықтарын білдірді.
Алдағы екі апта бойы бағдарлама жетекшілері – шетелдік ғалымдар, жетекші мамандар, салалық ғылыми ұйымдар мен өндірістің өкілдері, университетіміздің ғалымдары, шетелдік және республиканың өңірлік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары инновациялық орталықтар мен зертханаларда тәжірибелік сабақтар өткізеді. Тыңдаушылар үшін, бұл – әлемдік озық технологиялармен, ғалым жетістіктерімен жақын танысу, сабақтарды өткізудің жаңа тақырыптары мен нысандарын меңгеру болып табылады.
Дәстүрлі «Халықаралық жазғы мектеп – 2025» шарасының барлық қатысушыларына сәттілік тілейміз!
KazNARU Баспасөз қызметі