KazNARU

KazNARU «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП – 2025» ҚАТЫСУШЫЛАРЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «Халықаралық жазғы мектеп – 2025» аясында 10 бағыт бойынша дәрістер өткізіліп, ғылым мен инновациялық білім саласындағы алдыңғы қатарлы жетістіктер насихатталады. Ал онда білім алып жатқан шетелдік студент жастар сабақтан тыс кезде, Алматы қаласының тарихи және көрікті жерлерін аралап, музейлерде болып ұлттық жәдігерлермен танысуға да уақыт табады.

✅ 4 маусым күні «Халықаралық жазғы мектеп – 2025» құрамындағы «Селекция және биотехнология» мектебінің қатысушылары тиісті бағдарлама бойынша дәрістерін аяқтаған соң, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайын тамашалап қайтты.

✅ Қаламыздағы бұл ірі рухани орда Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азия аумағына танымал, бірегей әрі көне мұражайлардың бірі. Мұражайдың қазіргі ғимараты 1985 жылы тұрғызылған. Орта Азия мен Қазақ өлкесіндегі ең үздік архитектуралық ғимарат болып есептелетін мұражайдың жалпы ауданы - 20 мың шаршы метр, ал көрме экспозициясының аумағы – 7 мың шаршы метр.

✅ Мұражай қорында бүгінде 300 мыңға жуық материалдық және рухани мәдениет құндылықтары сақталған. Әртүрлі сала бойынша тұрақты жеті экспозициялық зал жұмыс істейді, көптеген құнды коллекциялар еліміздің ежелгі, ортағасырлық және қазіргі заманғы тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұматтар алуға мүмкіндік береді.

✅ Студент жастар қазақ халқының өткеніне ой жібере отырып, көшпелі елдің қолданған тұрмыстық бұйымдары, ұлттық киімдер үлгілері, кілемдік-тұскиіздің бұйымдары, қару-жарақтар мен ат әбзелдері, бейнелеу өнері және фарфорлар қоры, сирек кездесетін археологиялық экспонаттар, бағалы металдар, қоспа металдар қоры, фотоқұжаттық қорлар мен тарихи хаттар т.б. естеліктер мен мәдени қазыналармен танысты.

✅ Осындай тамаша экскурсия ұйымдастырып, ежелгі қазақ мәдениетінің мәңгілік жәдігерлік бұйымдармен таныстырып, Алматы қаласының әсем жерлерін аралауға мүмкіндік жасаған университет ұстаздарына студенттер өз ризашылықтарын білдірді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник