АГРОМАМАНДЫҚ ИЕСІ - ЖАС ҒАЛЫМНЫҢ 1 МЛН ДОЛЛАР АЛАТЫНЫ РАС ПА?
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жас ғалымы Жаннұр Ниязбекова мектеп бітіруші талапкерлерді мамандықты дұрыс таңдап, мол табыс табу үшін болашақта агромамандықтарды игеруге шақырады.
Жаннұр Ниязбекова KazNARU-да «Ветеринариялық медицина» мамандығы бойынша білім алған. Магистратурада оқып жүргенде Қазақстан Президенті стипендиясының иегері атанып, университетте профессордың ассистенті қызметін атқарған. Қазіргі уақытта осы оқу ордасының ғылыми қызметкері.
2017-20 жылдары «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша Қытай Халық Республикасы Шэньси провинциясындағы Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетіне «Профилактикалық ветеринариялық» медицина мамандығы бойынша PhD докторантурада оқып келді. «Жылдың үздік шетелдік студенті» атанған.
«Мен оқыған кезде Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті кедейлікпен күресу және ауылдарды дамыту мақсатында ғылыми-зерттеу тұрғысында практикалық көмек беру бағдарламасын жүргізді. Мен де қытай тілін меңгеріп, өз мамандығыма сәйкес селекция, әртүрлі дезинфекциялау құралдарын қолдану бойынша ауыл шаруашылығының дамуына үлес қостым. Сонымен бірге, Шэньси провинциясындағы ауыл оқушыларына ағылшын тілін үйреттім, фермерлерге кедейліктен арылу және табысты болудың қыр-сырын түсіндірдім. Агросекторда ғылыми жетістіктерді, экономикалық және экологиялық, санитарлық менеджментті батыл енгізу қажеттігін айтып, өндірілген өнімдердің сапасын халықаралық стандарт деңгейіне көтеру жолдарын көрсеттім. Нәтижесінде мол табыс көзі – ауыл шаруашылығында екеніне фермерлердің көздері жетті» - дейді Жаннұр.
KazNARU өкілі қатысқан осы кедейлікті жою бағдарламасы «Синьхуа» агенттігінің таратуымен 69 бұқаралық ақпарат құралында жарияланды және арнайы түсірілген бейнефильм 1,5 миллион қаралым жинады.
Университет мақтанышына айналған жас ғалым Жаннұр Ниязбекова бүгінде «Ешкі сүті құрамындағы микрорганизмдердің популяциясы және оның ішек микрофлорасына әсері» тақырыбын зерттеуде.
«Ел болашағының дамуы – ауыл шаруашылығында. Ендеше, жастарымызды агромамандықтарды меңгеруге шақырамын!» - дейді ол.
KazNARU Баспасөз қызметі
https://www.facebook.com/kaz.naru.2025/videos/737668731964795