KazNARU

KazNARU АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ САЙМАСАЙ АУЫЛЫНДАҒЫ «АГРОУНИВЕРСИТЕТ» БАЗАСЫНДА ЕГІНЖАЙ КҮНІН ӨТКІЗДІ

✅ 2025 жылғы 20 маусымда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Саймасай ауылы «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығының демонстрациялық егіс алқабында «Егінжай күні» өткізілді.

✅ Егінжай күнінің мақсаты – ауылшаруашылғында пайдаланылатын егіс дақылдарының сорттарын тәжірибелік алаңда өсіруді бақылау, онда алынатын өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және өндіріске жаңа технологияларды енгізу барысын білім алушылардың қатысумен іс жүзінде бірлесе сынақтан өткізу.

✅ Маңызды іс-шараға университеттің «Агробиология» факультетінің профессор оқытушылар құрамы, зерттеуші мамандар мен 6В08101 – «Агрономия», 6B05103 – «Биоинформатика» және 6В08102 – «Топырақтану білім беру бағдарламалары бойынша оқитын 2 курс студенттері қатысты.

✅ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Ғылым департаментінің директоры Сұлтанов Ахметжан Ақиұлы оқу ордамыздың дамыған елдердегі секілді ғылыми білім беруге ұмтылып отырған бірден бір жоғарғы оқу орны екенін атап өтіп, жаңа технологиялар мен инновациялық ғылыми зерттеулердің агросекторда қолданылуы, дайын жобалардың қолданысқа енгізілуі туралы түйінді тұстарды студенттерге түсіндірді.

✅ KazNARU бүгінде әлемдік үздік университеттердің тәжірбиесіне сүйене отырып, ғылыми-зерттеу оқу орнына трансформациялануды және түрлі инновациялық жобаларды агросекторға енгізу жұмыстарын жүйелі және тұрақты жүргізуде. Атап айтқанда, «Агробиология» факультеті ғалымдарының жүзеге асырып жатқан төмендегідей инновациялық жобалары бар.

● «Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы құрғақшылық жағдайында бұршақ тұқымдас дақылдардың (бұршақ, ноқат, жасымық) жаңадан жасалған жоғары өнімді сорттарын өсірудің сорттық технологиясын жасау» – ғылыми жобаның жетекшісі: а.ш.ғ.к., қауым. профессор Сайкенов Б.Р.

●«Экономикалық маңызды ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясына заманауи молекулалық-генетикалық, физиологиялық-биохимиялық, биотехнологиялық әдістерді және цифрлық фенотиптеуді практикалық енгізу» – ғылыми жоба жетекшісі: б.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Тұрыспеков Е.К.

●«Жасымықтың (Lens culinaris) жергілікті өндірісін нығайту мақсатында биотикалық стресстен қорғау үшін генетикалық жақсарту» – ғылыми жоба жетекшісі: PhD доктор, Тағаев Қ.Ж.

●«Қазақстан Республикасы аумағында пестицидтерді сынақтан өткізу» –

ғылыми жоба жетекшісі: а.ш.ғ.к., қауым. профессор Каирова Г.Н.

✅ «Сонымен қатар, студенттердің теориялық тұрғыдан алған білімдерін «Агроуниверситет» ОТШ демонстрациялық егіс алқабында практика жүзінде толықтырып, өз беттерінше ізденіп әрекет жасауына, магистранттар мен докторанттардың ғылыми зерттеу жұмыстарын барынша терең жүргізуіне толық жағдай жасалған» - дейді «Агробиология» факультетінің деканы Ержан Абилдаев.

✅ «Егінжай күні» аясындағы іс-шара қорытындысы бойынша, тәжірибеге қатысушылар еліміздің аймақтарындағы шаруа қожалықтары мен фермелерге университетте қабылданған ғылыми жобаларды үлгі ретінде ұсына отырып, оларды агроөндіріске енгізуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник