KazNARU: АПТА АЙШЫҚТАРЫ – КӘСІБИ БАҒДАР
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өкілдері белгіленген кестеге сәйкес, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталықтарында кәсіби бағдар беру жұмыстарын белсенді жалғастыруда.
Спикерлер мектеп бітірушілерге KazNARU құрамындағы факультеттердің ерекшеліктерін жан-жақты таныстыра отырып, жас түлектер мен олардың ата-аналарына ауыл шаруашылығы мамандықтары туралы ақпараттар таратып, кәсіби бағыт таңдауға көмектесуде.
Атап айтқанда, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абай атындағы педагогикалық университетінің ҰБТ орталығында, Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында орналасқан А.Бұқарбайқызы атындағы орта мектеп пен Есік қаласындағы Райымбек мектебіндегі ҰБТ алаңында бітіруші түлектерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесулер барысында түлектерге жоғары білім алудың маңыздылығы, KazNARU базасындағы жаңаша білім беру бағдарламалары, әскери кафедрада оқу, жайлы жатақханада тұру, екі дипломға ие болу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Қазіргі уақытта KazNARU QS World University Rankings 2026 рейтингісінде Қазақстанның үздік ТОП-5 және үш негізгі көрсеткіш бойынша әлемнің 500 жетекші университеті қатарына еніп отыр. Бұл жетістік аграрлық саладағы жетекші оқу орны болып саналатын университет үшін үлкен абырой!
Еске сала кетейік, биылғы оқу жылында 106 елден 8 467 ЖОО халықаралық рейтингте бақ сынады. Оның тек 1501-і қорытынды тізімге енгізілді. Соның ішінде – KazNARU өзі жинаған интегралдық балл бойынша 18,8-ден 25,1-ге дейін көтеріліп, халықаралық талаптарға сай оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру бағытындағы танымалдығы мен беделінің нығайып келе жатқанын дәлелдеді
20 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2025-2026 оқу жылына Қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады.
Бұл іс-шаралардың барлығы жастардың өз мамандықтарын дұрыс таңдауына, сол арқылы болашағын айқындауына тікелей ықпалы тиеріне сенім мол. Кәсіби бағдар беру жұмыстары одан ары жалғасуда.
KazNARU Баспасөз қызметі