KazNARU

KazNARU АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАСЫЛ ҚОРЫН ДАМЫТУДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ

✅ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары Алатау баурайындағы оңтүстік мегаполистің жасыл желектерінің сапалық жай-күйін сараптап, оларды сапалық жағынан сұрыптау және орман-патологиялық зерттеу жұмыстарына тікелей атсалысуда.

✅ Бұл ретте KazNARU «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің профессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттары мен магистранттарының қатысуымен, «Алматы қаласының жасыл қорын дамыту және 2026-2030 жылдарға арналған дендрологиялық жоспарын әзірлеу» бойынша әкімдік жариялаған конкурстың жеңімпазы атанып, екі жылдық жобаның орындаушысы ретінде іске кірісті.

✅ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы 2 қаңтарда бекіткен «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заңы елді мекендердегі жасыл желектерді жүйелі өсіріп, қорғау бағытындағы атқарылатын жұмыстарды жүргізу тәртібін заңдастырған болатын. Заңның 35-бабында жергілікті атқарушы органдардың ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде жасыл екпелерді қорғау, әрі есепке алу, түгендеу және фитопатологиялық зерттеу жүргізу, жасыл екпелердің дендрологиялық (көгалдандыру) жоспарын әзірлеп, бекітуге міндетті екендігі айтылған.

✅ «Заңды түрде бекітілген құқықтық нормалар елді-мекендердің жасыл желектерін дамыту бағытында осы уақытқа дейін жүйесіз жүргізіліп келген іс-шараларды оңды реттеуге үлкен ықпалы тиері анық. Дендрологиялық жоспарды әзірлеу бойынша «Алматы Басжоспар» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мен ақпараттық жүйеге мәліметтерді енгізу мақсатындағы «ECO Almaty» ЖШС жоба әріптестері ретінде анықталды» - дейді осы жобаның үйлестірушісі, KazNARU «Орман ресурстары, аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Талғат Кертешев.

✅ Осы орайда, қаладағы желектерді түгендеу мен санитарлық жағдайларын анықтау бойынша KazNARU профессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттары мен магистранттары бірлесіп, тәжірибесі мол басқа да ынталы мамандардың қатысуымен 36 сағаттық семинар-тренинг пен ұжымдық жаттығу жұмыстары жүргізілуде. Теориялық дәрістер және Баум тоғайы мен қала кварталдарында жүргізіліп жатқан таксациялық жұмыстар жоба орындаушыларда бірыңғай дұрыс түсінік қалыптасуды қамтамасыз етеді.

✅ KazNARU «Орман ресурстары, аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедрасының профессоры Бұлқайыр Мамбетов, қауымдастырылған профессорлары Талғат Кертешев, Ардақ Қожабекова, «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының» бөлім меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Нұржан Мухамадиев, резистограф приборымен ағаш сүрегінің ішіндегі шіріктерді анықтау маманы Болат Әмірғалиев, Жерді қашықтықтан зондтау маманы Мұрат Шарипов тренерлер ретінде ұжымдық жаттығуларды мазмұнды өткізді.

✅ «Басты мақсат – мамандарды оқытумен қатар, жерді қашықтықтан зондтаудың заманауи озық әдістері, мобильдік бағдарламалар мен құрал-жабдықтарды қолдану арқылы Алматы қаласының жасыл желектерінің сапалық жай-күйін объектвті анықтау, алдағы іс-шараларды дұрыс белгілеу жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізу» - дейді жоба жетекшісі Талғат Кертешев.

✅ KazNARU басшылығы өз тарапынан жобалық офистің жұмысына қажетті техникалық дрондар, автобус, компьютерлік және офистік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жоба командасына қажетті жағдайларды толық жасап отыр.

✅ Сондықтан, мамандар университет басшылығына ризашылықтарын білідре отырып, Жобада белгіленген жұмыстард дер кезінде және жоғары дәрежеде ұйымдастыратынына сенімді білдірді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник