KazNARU ӘСКЕРИ КАФЕДРАCЫНЫҢ БІТІРУШІЛЕРІ ӘСКЕРИ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ
2025 жылдың 30 шілдесінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Әскери кафедрасын сәтті аяқтаған 305 студентке (201-і «запастағы лейтенант», 104-і «запастағы сержант») әскери атағы беріліп, дипломмен бірге погондар табысталды.
Тарихы 1946 жылдан басталатын әскери кафедра осы уақытқа дейін еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында 25 мыңға жуық запастағы офицерлер мен сержанттар дайындды. Олар еліміздің Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде және де басқа күштік құрылымдарда абыройлы қызметтер атқаруда.
Салтанатты шара барысында ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары, полковник Амангелді Тоғысов, KazNARU тәрбие ісі жөніндегі проректор Асима Ералиева, Әскери кафедраның бастығы, запастағы полковник Еркін Адилбеков, «Офицерлер кеңесі» РОО өкілдері, ЖОО-лардың әскери кафедраларының басшылары мен ата-аналар жас сарбаздарды құттықтап, олардың алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын атап өтті.
Әскери ант қабылдау – бұл әрбір азамат үшін жауапты сәт. Бұл күні бітіруші жас сарбаздар Отанға адал болуға серт беріп, еліміздің толық құқылы қорғаушылары қатарын толықтырады.
«Әскери кафедрада сіздер өздеріңіздің негізгі мамандықтарыңызбен бірге әскери мамандықты да қоса меңгеріп шықтыңыздар. Осы кафедрада «Автомобиль бөлімшелерін қолдану» әскери-есептік мамандығы бойынша білім алған жастарға Қорғаныс Министрлігінің Әскери-техникалық мектебімен жасалған меморандум бойынша жүргізуші куәліктерінің сертификаттары қоса табысталды, - деді Амангелді Тоғысов.
Жоғары оқу орнына түскен әрбір жастың арманы – жан-жақты терең білім алумен қатар, Отан алдындағы борышын өтеуге мүмкіндік беретін әскери мамандықты қоса алып шығу екені заңдылық. Қазіргі таңда KazNARU Әскери кафедрасында Алматыдағы 8 университеттің студенттері әскери мамандықты меңгерді. Уақыт талабына сай, алдағы 2025-26 оқу жылына жаңадан «Құқықтық жұмыстарды ұйымдастыру» және «Ұшқышсыз ұшу аппараттары бөлімшелері мен бөлімдерін жауынгерлік қолдану» әскери-есептік мамандықтары бойынша студенттер қабылданды.
Айта кетейік, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаевтың басшылығымен Әскери кафедрада биыл елеулі өзгерістер іске асырылды: оқу материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды, автомобильдер паркі жаңартылды, оқу аудиториялары және жаңа кітапхана заман талаптарына сәйкес қайта жабдықталды.
Бекітілген ереже бойынша мемлекеттік грантпен түскендер KazNARU Әскери кафедрасында тегін оқиды. Ал, ақылы негізде түскен студенттер белгіленген тариф бойынша төлем жасап, оқи алады.
Жоғары білім алып, офицер немесе сержант атанғысы келетін кез-келген талапты жастар мен қыздарға есігіміз әрқашан ашық!
KazNARU Баспасөз қызметі.