KazNARU БАСШЫЛЫҒЫ БЕЛОРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
2025 жылғы 21 тамызда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшылығы Белорусь Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен кездесті. KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы мен Әскери кафедра бастығы, запастағы полковник Әділбеков Еркін Қорабайұлы белоруссиялық қонақтарды Ситуациялық орталықта қарсы алып, жалпы университет туралы және әскери кафедра туралы ақпаратты назарға ұсынды.
Алматы қаласындағы қырыққа жуық ЖОО арасында алғашқы әскери дайындық бойынша запастағы офицерлер мен сержанттар даярлайтын 7 ЖОО ғана бар. Солардың ең ірісі және материалдық-техникалық базасы жағынан алдыңғы қатардағысы – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті. 1946 жылы құрылған уақыттан бергі әскери кафедра 60 мыңға жуық запастағы офицерлер мен кіші командирлер (сержанттар) дайындап шығарды.
Қазіргі таңда университет басшысы Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының тікелей қолдауымен Әскери кафедрада көптеген елеулі өзгерістер іске асырылды: оқу материалдық-техникалық базаны жетілдіру үшін автомобильдер паркі жаңартылды, оқу аудиториялары, ветеринарлық зертхана және жаңа кітапхана заман талаптарына сәйкес қайта жабдықталды.
Курсанттар осыған дейін 9 бағыт бойынша – «Қарулы Күштердің жауынгерлік іс-қимылдарын инженерлік қамтамасыз етуді ұйымдастыру»; «Азық-түлік қамтамасыз етуді ұйымдастыру»; «Тамақ өнімдерінің технологиясы және тауартану»; «Ветеринариялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру» сияқты т.б. мамандықтарды меңгеріп келді. Биылғы оқу жылынан бастап, Ұшқышсыз басқарылатын дрондарды меңгеру курсы қосылып отыр.
«Бұл аса маңызды, әрі жауапты мемлекеттік іс. Бүгінде 2 оқу корпусымыз, 732 курсантқа арналған 20 арнайы жабдықталған аудитория мен жауынгерлік оқытуға арналған заманауи көлік және бронетанктік техника, азық-түлік қызметінің техникасы мен жауынгерлік оқу-жаттықтыру қаруларымыз бар. Бізге келіп, оқуға түскен студенттердің болашағы өте зор. Олар экономика мен ауыл шаруашылығында ғана емес, өз тілектері бойынша әскери салада, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде, Ішкі істер министрлігі мен Прокуратура саласында қызметтер атқару мүмкіндігіне ие бола алады», - дейді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Делегация басшысы, Белорусь Республикасы Қорғаныс министрлігінің тыл бойынша орынбасары – Қарулы Күштердің Тыл бастығы, генерал-майор Бурдыко Андрей Валерьянович, Азық-түлік басқармасының бастығы полковник Древло Святослав Олегович, Тыл әскерлері қолбасшысының орынбасары – Солтүстік-батыс жедел қолбасшылығының тыл басқармасының бастығы полковник Невмержицкий Александр Владимирович, Қорғаныс министрлігінің тыл штабы 2-ші басқармасы бөлімінің аға офицері подполковник Станчик Максим Михайлович, Қорғаныс министрлігінің қорғаныс мәселелері бойынша атташесі подполковник Кураш Дмитрий Иосифович университет Әскери кафедрасының оқу үдерісі мен оның оқу-материалдық базасымен танысып, әскери оқытушы-мамандармен сұхбаттасты.
Сондай-ақ, кездесуге Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым бойынша орынбасары генерал-лейтенант Абубакиров Каныш Асанханұлы, ҚР Қарулы Күштерінің Тыл бастығы Мансуров Арман Нұрланұлы қатысты.
Қонақтар №12 оқу корпусында орналасқан Әскери кафедрадағы оқу процесі мен оқу-материалдық базасындағы «Геотактика» бағдарламалық өнімі, «Камаз» тренажерлі, «Тылдық қамтамасыздандыру» циклындағы КП-125; КП-130 және ПАК-200 далалық асүйлердің жұмысын, пеште нан пісіру процесін бақылады. Заманауи үлгідегі жанармай құю пунктінің, киім-кешек қоймасының үлгілерімен таныса келе Белорусь өкілдері университеттегі әскери мамандыққа оқыту процесіне жоғары баға берді.
Кездесу соңында қонақтарға университет басшылығы атынан ескерткіш сувенирлер мен сыйлықтар табысталды.
KazNARU Баспасөз қызметі