ҚазҰАЗУ

АҚ ЖОЛ СІЗДЕРГЕ, KazNARU-дың ЖАС СТУДЕНТТЕРІ!

Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде 2025-2026 оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиын болып өтті. Оған университет басшылығы, проректорлар мен декандар, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен ата-аналар, ардагер ұстаздар қатысты.

✅ ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Президенті, университеттің Басқарма Төрағасы - Ректоры, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы жиынға қастыушыларды құттықтай отырып, жүз жылға жуық тарихы бар оқу ордасының табалдырығын аттаған бірінші курс студенттеріне ақ жол тіледі.

✅ Ректор KazNARU әлемдік QS халықаралық рейтингісі бойынша ТОП - 700 жоғары оқу орындарының қатарына еніп, Орталық Азияда 6-шы, Қазақстанда үздік 5-ші орынды иеленген жетекші жоғары оқу орнына айналғанын, Ұлттық рейтинг бойынша Қазақстанның техникалық ЖОО арасында көш бастап келе жатқанын атап өтті.

✅ Жаңа оқу жылында университетімізге 1278 мемлекеттік грант иегері, ақылы негізде 769 студент, 193 магистрант пен докторант, «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының» филиалына 70 білім алушы және 300-ден астам шетелдік студент қабылданды.

✅ «Бұл әрине, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда аздау. Себебі, биылғы жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан ауылшаруашылық мамандықтарына грант аз бөлінді, сондықтан аграрлық саланы таңдаған талапкерлердің біразының балы жетсе де, грант ала алмай қалды» - деп түсіндірді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅ Одан ары университет басшысы қазіргі таңда «Әділетті университет» құру жолында атқарылған жұмыстардың ауқымын атап өтті. Соңғы 3 жылда оқу сапасы артты, цифрлық университет құрылды, материалдық-техникалық база нығайды. Оқу-зертханалық ғимараттары мен студенттік жатақханаларда күрделі жөндеу жүргізілді. 30 жылда бірінші рет 450 орындық 9 қабатты заманауи үлгідегі жаңа жатақхана салынуда, таяуда пайдалануға берілмек. Университет аумағы толығымен жаңартылды, осындай жаңғырту жұмыстарымыздың арқасында KazNARU тек біздің ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтары серуендейтін ең көрікті жерлердің біріне айналды!

✅ KazNARU – халықаралық деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялануда. Университет 180-нен астам шетелдік ЖООлармен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз байланыс орнатты. Олардың ішінде: Небраска Линкольн Университеті (АҚШ), Вагенинген университеті (Нидерланды), АгроПарижТех (Франция), Қытай аграрлық университеті, Паханг университеті (Малайзия), сонымен бірге Германия, Италия, Түркия, Өзбекстан және тағы басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындары бар. Сонымен қатар қос дипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.

✅ «Осындай жүйелі жұмыстар нәтижесінде соңғы жылдары қоғам мен ата-аналардың бізге деген сенімі артты, университеттің беделі көтерілді. Мұның бәріне, әрине, ауызбірлігі мол ұжымымыздың ауқымды еңбегінің арқасында қол жеткіздік! Бүгін мен атқарған жемісті жұмысы үшін Қабылдау комиссиясына, проректорлар мен декандарға, кафедра меңгерушілеріне, жалпы университет ұжымына алғысымды айтамын!» - деді Ақылбек Күрішбаев.

✅ Ректор осының бәрі Қазақстанның әр қиырынан, алыс-жақын шет елдерден келген студенттердің сапалы білім алып, жоғары білікті маман болып шығуы үшін жасалып отырғанын тағы да атай отырып, жастарды талмай ізденіп, оқуға шақырды.

✅ «Құрметті студенттер! Сіздердің білім мен ғылымды, тәжірибе мен тәрбиені қатар меңгертетін нағыз білікті маман атанып, қоғамның белсенді мүшесі болатындарыңызға сенеміз! Білім-ғылым жолындағы ізденістеріңіз табысты, қиялдарыңыз ұшқыр болсын, қанаттарыңыз талмасын! Ал Әділетті Қазақстанның болашақ кадрларына сапалы білім мен саналы тәрбие беру – біздің ең абыройлы міндетіміз! Жаңа оқу жылы университетіміздің дамуындағы айтулы жаңа кезең, жаңа белестер жылы болсын!» - деді ректор.

✅ 1-курс студенттері атынан «Алтын белгі» иегерлері – Айдын Әділғазыұлы, Балғын Сатылған, Петр Лобода және қызыл аттестат иегері Қарақат Анен өздерінің шәкірттік жүрекжарды лебіздерін білдірді.

✅ Салтанатты іс-шара танымал эстрада жұлдыздары мен республикалық конкурстардың лауреаты «Арғымақ» этнотобының, университет көркем өнерпаздарының көңілді ән шашуымен жалғасты.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник