ҚазҰАЗУ

ҚазҰАЗУ базасында «NEXUS» ИНСТИТУТЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

✅ 2025 жылдың 21 қыркүйегінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (ҚазҰАЗУ) «Орталық Азияда сумен сенімді және тұрақты қамтамасыз ету» тақырыбында халықаралық семинар өтті.

✅Халықаралық семинарда Орталық Азия елдері арасындағы ғылым мен білім беру ынтымақтастығын дамыту мақсатында «NEXUS» институтын құру туралы Меморандумға қол қойылды.

✅Семинардың ашылуында ҚазҰАЗУ ректоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик А.Қ. Күрішбаев құттықтау сөз сөйледі.

✅Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі – деп су ресурстарының маңызын аша отырып, – Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет, - деп бірқатар тапсырмалар берген болатын. Академик А.Күрішбаевтың баяндамасында Мемлекет басшысының аталған тұжырымдары осы кездесудің де стратегиялық маңызын және жүргізіліп жатқан жұмыстардың өзектілігін айқындайтыны баса көрсетілді.

✅Академик А.Күрішбаев Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі және ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп тарапынан суға деген сұраныстың артуы үлкен сын-қатер екенін атап өтті.

✅ Келесі ретте Қазақстан-Неміс университетінің президенті, профессор Вольфганг Роммель, Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Маттиас Кисслер және Ханнс Зайдель қорының Орталық Азиядағы өкілі Константин Блаж халықаралық семинарға қатысушыларды құттықтап, өз баяндамаларында мәселенің маңыздылығына тоқталды.

✅Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары белгіленіп, Nexus институтын құру туралы Меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Т.Кененбаев, Қырғыз Республикасының ауыл шаруашылығы және мелиорация экс министрі Ч.Узакбаев, Өзбекстанның ирригация және су проблемалары ғылыми-зерттеу институтының директоры А.Уразкелдиев, Климаттың өзгеруі және су ресурстарын басқару саласының тәуелсіз сарапшысы Б.Есекиндер баяндама жасап, су ресурстарының жаңа парадигмасы Орталық Азия үшін қажеттілік екені атап өтілді.

✅ Семинар аясында 3 бағытта, атап айтқанда Орталық Азиядағы су тапшылығы мәселесін талдау, Су ресурстарын талдау және мониторигілеудегі цифрлық жүйе, Су инфрақұрылымын модернизациялау мәселелері бойынша сессиялар өтіп, негізгі тұжырымдар анықталды. Алдағы уақытта атқарылатын істердің бағыт-бағдары белгіленді. Сессиялардың жұмыстарына ҚазҰАЗУ проректорлары, департамент және орталықтардың директорлары, факультет декандары мен профессорлар, студенттер, магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен Қазақстан-Неміс университетінің басшылығы, ғалымдары мен жетекші мамандары қатысты.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник