ҚазҰАЗУ

ҚазҰАЗУ-да ТІЛ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

2025 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (ҚазҰАЗУ) Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – елдігімнің айнасы» апталығының ашылу салтанаты өтті. Апталықты Жалпы білім беру пәндері кафедрасы мен Тәрбие жөніндегі департамент ұйымдастырды.

Апталықтың мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыра отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және Қазақстан халқының тілдік мәдениетін арттыру. Осы орайда апталық аясында «Поэзия – рухтың үні // Поэзия – язык вечности» атты көркемсөз оқу байқауы мен «Петроглифтер – мәдениет пен өркениет куәсі» атты ашық дәріс, қала жарнамаларындағы қателерді анықтап, тіл мәдениетін қорғауға үлес қосуға бағытталған «Тіл сақшысы – намыс қамшысы» акциясы, Ахмет Байтұрсынұлы мұражайына арнайы саяхат, «My weekdays in my University KazNaru» тақырыбындағы үздік видеоблог байқауы мен «Жизнь, поэзия и интересные факты из жизни поэта» тақырыбындағы презентация байқауын өткізу жоспарланған.

Апталықтың ашылу салтанатында ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимов құттықтау сөз сөйлеп, тіл мерекесінің қоғамдағы маңызына тоқталды.

Іс-шараға университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, Ералиева Асима Шанбаевна, Академиялық сұрақтар бойынша департамент директоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алпысбаева Гүлмира Егізбаевна, Жалпы білім беру пәндері кафедрасының меңгерушісі Жонкешов Бауыржан Сейсенбекұлы және кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы, университеттің 1 курс студенттері қатысты.

Іс-шараның құрметті қонағы – Алматы қаласы әкімі аппараты тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Қалымбет Бақыт Әбиірұлы қатысушыларға ізгі тілектерін жеткізді.

Айшықты мезеттердің бірі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Байғали Есеналиевтің сахнада студенттерге жылы лебізін арнап, құттықтау сөз сөйлеуі болды. Бұл сәттің әсері студенттердің есінде ұзақ сақталары анық.

Сонымен қатар іс-шара аясында арнайы әзірленген викториналар өткізіліп, озық білімін танытқан студенттерге, сондай-ақ университетіміздің өнерлі әрі белсенді студенттеріне университет басшылығы атынан дәстүрлі өнердің тарланы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединованың концертіне билеттер табыс етілді. Бұл сыйлық студенттерді өнерге баулып қана қоймай, танымдық әрі тәрбиелік мәнімен де ерекшеленді.

Кеште ұлттық өнердің інжу-маржандары – күмбірлеген күй, сырлы ән мен мың бұралған би ұсынылып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник