ҚазҰАЗУ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛЫҚ ҚҰРАМЫ МЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСЕДІ
✅2025 жылдың қазан айынан бастап Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы 10 пайызға артып, сонымен қатар университет қызметкерлерінің де еңбекақысы өсетін болады.
✅Соңғы үш жылда ҚазҰАЗУ-дың ұстаздарының жалақысы ішкі үнемделген қаржылардың есебінен, кезең-кезеңімен 130 пайызға көтеріліп отыр. Жалақының өсу көрсеткіші бойынша біздің университет басқа ЖОО-ның арасында жетекші орында тұр.
✅Тағы бір жағымды жаңалық - университеттің Басқарма шешімімен 2025 жылдың қазан айынан бастап толық штатта қызмет атқаратын профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің Алматы қаласы ішіндегі қоғамдық көліктерде тегін жүруі үшін жол-шығындарының қаражаты ай сайынғы еңбекақыларына қоса аударылатын болады.
✅ Аталған жетістіктер - білім ордамызда жүргізіліп жатқан «әділетті университет» құру жолындағы ауқымды жұмыстардың нақты нәтижесі. Соңғы 3 жылда оқу сапасы артты, цифрлық университет құрылды, материалдық-техникалық база нығайды, «Жасыл университет» концепциясы жүзеге асырылуда. Оқу-зертханалық ғимараттарда және барлық студенттік жатақханаларда күрделі жөндеу жүргізілді. 30 жылда бірінші рет 450 орындық 9 қабатты заманауи үлгідегі жаңа жатақхана салынуда, таяуда пайдалануға берілмек. Университет аумағындағы асфальт жолдар толығымен жаңартылды, осындай жаңғырту жұмыстарымыздың арқасында KazNARU тек біздің ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтары серуендейтін ең көрікті жерлердің біріне айналды.
✅Жүз жылға жуық тарихы бар университетіміз әлемдік QS халықаралық рейтингісі бойынша топ 700 жоғары оқу орындарының қатарына еніп, Орталық Азияда 6-ыншы, Қазақстанда үздік 5-інші орынды иеленген жетекші жоғары оқу орнына айналды. Сондай-ақ, Ұлттық рейтинг бойынша Қазақстанның техникалық ЖОО арасында жетекші университет ретінде көш бастап тұр.
✅Заман талабына сай университетте су үнемдеуді цифрлы басқару, ауылшаруашылығы дрондарын зерттеу және оқыту, СМАРТ технологияларды ауыл шаруашылығына енгізу бағытында шетелдік әріптестермен бірлескен халықаралық зертханалар мен орталықтар құрылды, Чжэцзян технологиялық университетімен (ҚХР) бірлесе жасанды интеллект бойынша қос дипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Орталық Азия елдері арасындағы ғылым мен білім беру ынтымақтастығын дамыту мақсатында Қазақстан-Неміс университетімен бірлескен «NEXUS» институты ашылды.
✅Біздің негізгі мақсатымыз – әлемдік талаптарға сай заманауи, әділетті университет құру. Соңғы үш жылда атқарылған түбегейлі өзгерістердің нәтижесінде оқу ордамыздың бәсекеге қабілеттілік тұғыры күшейді, алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі жетекші зерттеу университетіне айналатынымызға сеніміміз мол.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі