ҚазҰАЗУ

ҰМҒТСО сарапшысы Лизунов Василий Николаевич «Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландырудың болашағы» тақырыбында қонақ дәріс оқыды

2025 жылдың 25 қыркүйегінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Инженерлік технологиялар факультетінің «Аграрлық техника және машина жасау» кафедрасында қонақ дәрісі өтті.

Дәрісті Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының (ҰМҒТСО) ресми сарапшысы, Машина жасау тобының жетекшісі Лизунов Василий Николаевич жүргізді.

Қонақ дәрістің негізгі тақырыбы – «Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландырудың болашағы». Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласында цифрлық технологияларды пайдалану, роботтандырылған жүйелерді енгізу, дрондар мен жасанды интеллектке негізделген техникаларды қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа ғылыми-техникалық шешімдер, заманауи трендтер мен жаһандық тәжірибелер талқыланды.

Өз баяндамасында Лизунов Василий Николаевич ауыл шаруашылығы техникасында жаңартылатын энергия көздерін – күн, жел және биогаз қондырғыларын қолданудың болашағына ерекше тоқталды. Ол бұл бағыттың экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызын атап өтіп, Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін жасыл энергиямен қамтамасыз ету әлеуетіне назар аударды.

Қонақ дәріс студенттер мен жас ғалымдарға ауыл шаруашылығындағы инновациялық даму бағыттарымен танысуға, сондай-ақ жетекші сарапшымен пікір алмасуға мүмкіндік берді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник