KAZNARU МЕН ЧОНБУК ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ (КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫ) БІРЛЕСКЕН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ
2025 жылдың 14 қазанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ) делегациясының ресми сапары аясында ұлттық университеттер арасында бірінші орында тұрған Корея Республикасының Чонбук ұлттық университеті басшылығымен кездесу өтті.
Келіссөзге KazNARU Басқарма төрағасы – Ректоры, академик А.Қ.Күрішбаев, халықаралық қатынастар жөніндегі проректор Р.Ф. Абазов және Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы департаментінің директоры Е.В. Шевченко қатысты. Делегацияны Чонбук ұлттық университетінің президенті мырза О-Бон Ян, ғылыми зерттеулер жөніндегі вице-президенті, профессор Джонг-Хва Ли және ішкі байланыстар жөніндегі вице-президент, доктор Хварим Чо қабылдады.
Кездесудің негізгі нәтижесі – KazNARU базасында Чонбук ұлттық университетінің бірлескен зерттеу орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл орталықтың құрылуы стратегиялық маңызға ие: ол тұрақты ғылыми диалог, озық технологиялар алмасу және жоғары білікті мамандар даярлау алаңына айналады. Орталық екі университет арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталады.
Келіссөздер барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады: академиялық алмасулар, бірлескен зерттеулер, технология трансфері, климаттың өзгеруін зерттеу, ауыл шаруашылығында жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу, экологиялық тұрақтылық және көміртегі ізі деңгейін төмендету мәселелері.
Кездесу қос дипломды бағдарламаларды дамытуға, серіктестікті кеңейтуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды.
Кездесу өзара құрмет пен Қазақстан мен Корея Республикасының ғылыми-білім беру жүйелерін стратегиялық жақындастыруға деген ұмтылыс рухында өтті.
KazNARU Баспасөз қызметі