KAZNARU МЕН INNOVERSE TALDYQORGAN ЖЕКЕ МЕНШІК МЕКТЕБІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТТЫ
2025 жылғы 15 қазан күні Жетісу облысы Талдықорған қаласындағы INNOVERSE TALDYQORGAN жеке меншік мектебінің бітіруші түлектеріне «Ашық есік» күні өткізілді. Іс-шараға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KAZNARU) өкілдері қатысып, 100-ге жуық оқушыға университеттің оқу бағыттары мен мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Университет өкілдері оқушыларға аграрлық сала, биотехнология, экология, тағам өндірісі және инновациялық зерттеулер бағытында білім алу мен мансап құру мүмкіндіктері жайлы толық ақпарат берді. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандармен пікір алмасты.
Кездесуді Қабылдау комиссиясының директоры, э.ғ.к., профессор Айнұр Елтайқызы Қайырбаева ұйымдастырып, жүргізді.
Сонымен қатар кездесуге «Агробиология» факультетінің деканы, PhD Ержан Советбекұлы Әбілдаев, «Инженерлік технологиялар» факультетінің деканы, ф.-м.ғ.к., қауымдастырылған профессор Ләззат Тұрғынбайқызы Әлдібаева және «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты — мектеп түлектерінің кәсіби бағдарын айқындау, ауыл шаруашылығы мен ғылым салаларына қызығушылығын арттыру және ҚазҰАЗУ-дың білім беру әлеуетін кеңінен таныстыру. «Ашық есік» күні жылы әрі әсерлі атмосферада өтті. Қатысушылар университеттің мүмкіндіктеріне жоғары қызығушылық танытып, алдағы уақытта осы жоғары оқу орнында білім алуға ниет білдірді.
INNOVERSE TALDYQORGAN жеке меншік мектебі KazNARU ұжымына оқу орны түлектерінің кәсіби бағдарлануына қосқан үлесі мен ынтымақтастық үшін алғыс хат табыстады. Мектеп директоры Әділет Жанарбекұлы Есалиев университет ұжымына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да, өзара байланыс пен бірлескен шаралардың жалғасатынына сенім білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі