ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СТАНДАРТТАУ КҮНІНЕ ОРАЙ KAZNARU-ДА МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ
14 қазан 2025 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Инженерлік-технологиялар факультетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасында Дүниежүзілік стандарттау күніне арналған мерекелік кеш пен интеллектуалды ойын ұйымдастырылды. Іс-шара СС 23-05К тобының қатысуымен өтті. Куратор – Искакова Жанат Айткешқызы.
Аталған іс-шараның мақсаты – студенттердің стандарттау, сертификаттау және метрология салаларындағы теориялық және практикалық білімдерін бекіту, сонымен қатар сапа менеджменті жүйесінің қағидаттарын тәжірибе жүзінде қолдануға баулу. Бағдарлама алты кезеңнен тұрды. Командалар өздерін таныстыру, стандарттау мен метрология бойынша викторина, инновациялық өнімге стандарт әзірлеу, ребус шешу, өлшеу құралдарымен жұмыс жасау және капитандар сайысы секілді кезеңдерде білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Іс-шараға Қазақстан стандарттау және метрология институтының жетекші мамандары Жанар Жәнібекқызы мен Сәден Жұлдыз, сондай-ақ «Алматы стандарт» сәйкестікті растау ұйымының өкілдері қатысты. Шақырылған қонақтар қатарында «Стандарттау және сертификаттау» білім беру бағдарламасының 2023 жылғы түлектері – Дулат Сая, Оразақынова Хаджар, Бақдаулетова Аяулым және Ахметқанова Аружан болды.
Іс-шараға факультет деканы, ф.-м.ғ.к., қауымдастырылған профессор Ләззат Тұрғанбайқызы Әлдібаева, кафедра меңгерушісі т.ғ.к. Лаура Асильбекқызы, кураторлар мен оқытушылар қатысып, әділқазылар алқасы ретінде бағалау жүргізді. Белсенділік танытып, ерекше көзге түскен топтар мен студенттерге алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Мереке аясында студенттер стандарттаудың тек өндірістік талап емес, өмір сапасын арттыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін терең түсінді.
KazNARU Баспасөз қызметі