ҚазҰАЗУ

ҚАЗҰАЗУ-ДА ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЖАНУАРЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ӨҢІРЛІК СЕМИНАРЫ СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (ҚазҰАЗУ) «Ветеринариялық білім беруді үйлестіру: Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының (ДЖДСҰ/ВОЗЖ/WOAH) түлектерге арналған “Бірінші күн” құзыреттіліктерінің талаптарына сәйкестігі және “Біртұтас денсаулық” тұжырымдамасын ветеринариялық оқу бағдарламаларына интеграциялау» тақырыбындағы өңірлік семинар өз жұмысын сәтті аяқтады. Семинар Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымымен (ДЖДСҰ/ВОЗЖ/WOAH) және Еуропалық ветеринариялық білім беру мекемелері қауымдастығымен (EAEVE) бірлесіп ұйымдастырылды.

Семинарға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Әзербайжан, Грузия және Беларусь елдерінен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, ветеринариялық жоғары оқу орындарының басшылары, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің департаменттері мен ғылыми орталықтарының басшылары, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, профессорлық-оқытушылық құрам мен білім алушылар қатысты.

Қорытынды іс-шарада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Басқарма Төрағасы-Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов құттықтау сөз сөйлеп, семинар жұмысының маңыздылығын атап өтті. Семинар барысында талқыланған мәселелер мен берілген ұсыныстарды жүзеге асырудың өзектілігін баса көрсетті. Ол сарапшылар мен қатысушыларға сындарлы ынтымақтастықтары үшін алғыс білдіріп, бірлескен жұмыстың жалғасын табатынына сенім білдірді.

ДЖДСҰ-ның Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы ветеринариялық кадрларды дамыту жобасының өңірлік қызметкері Дмитрий Морозов екі күндік семинарда талқыланған мәселелер, жасалған келісімдер, шығарылған қорытындылармен таныстырып, сарапшылар жұмысының негізгі нәтижелерін көрсетті. Баяндамада семинардың практикалық маңыздылығы айқындалып, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын нақты қадамдар анықталды.

Сонымен қатар, ДЖДСҰ Бас директорының орынбасары доктор Баба Сумаре, ДЖДСҰ-ның Орталық Азиядағы субөңірлік өкілдігінің жетекшісі Мереке Тайтубаев, Еуропалық ветеринариялық білім беру мекемелері қауымдастығының (EAEVE) өкілі Пьер Лике, ДЖДСҰ сарапшысы, профессор Казимирас Лукаускас, Самарқанд мемлекеттік ветеринария, мал шаруашылығы және биотехнология университетінің ректоры Хұдойназар Юнусов сөз сөйледі.

Семинарға қатысушылар ветеринариялық факультет түлектеріне арналған ДЖДСҰ құзыреттерін енгізу мәселелерін талқылап, білім беру бағдарламаларын жаңғырту мен «One Health – Біртұтас денсаулық» философиясын оқу үдерісіне енгізу бойынша тәжірибемен алмасты. Сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты дамыту, академиялық ұтқырлық және тәжірибеге бағытталған оқытуды жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

ҚазҰАЗУ-дың студенттері, магистранттары мен докторанттары семинарға белсене қатысып, ветеринариялық білім берудегі жаңа тәсілдер мен инновацияларға қызығушылық танытты. Өздерін ойландырған сұрақтарына жауап алып, ұрпақтар сабақтастығы мен кәсіби дамуға деген ұмтылыстың жарқын үлгісін көрсетті.

Іс-шара қонақтары Университеттің заманауи зертханалары және ғылыми-зерттеу орталықтарымен танысып, университет ғалымдарының ветеринария, биотехнология және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы озық ғылыми жетістіктерімен танысты.

ҚазҰАЗУ өңірлік деңгейде ғылыми ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және ветеринария, азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты даму салаларында жаңа буын мамандарды даярлау орталығы ретіндегі жетекші рөлін одан әрі нығайта бермек.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник