ҚазҰАЗУ

ҚазҰАЗУ-де атақты ғалым, академик Төлеухан Садықұлы Садықұловтың 85 жылдық мерейтойы аталып өтті

2025 жылдың 20 қазанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасында еліміздің көрнекті ғалымы, атақты селекционері, Қазақстан Республикасының Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Төлеухан Садықұлы Садықұловтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Мамандығым – менің мақтанышым» атты салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға университеттің Басқарма мүшесі, Басқарма төрағасы – Ректордың орынбасары Сұлтанғазиев Қуат Елеусізұлы қатысып, Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың атынан арнайы құттықтау хат табыстап, академиктің иығына құрмет шапанын жапты. Бұл сәт залдағы студенттер мен әріптестер тарапынан зор қошеметке ие болды.

Сонымен қатар, іс-шара барысында университеттің ғылым департаментінің директоры Султанов Ахметжан Акиевич, кафедра профессор-оқытушылары мен ардагер ұстаздар, магистранттар мен PhD докторанттар мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдіріп, ғалымның ерен еңбегіне ризашылықтарын жеткізді.

Профессор Төлеухан Садықұлы Садықұлов — еліміздегі мал шаруашылығы селекциясы саласының майталман маманы, отандық құйрықты дегерес қой тұқымының авторы, ауыл шаруашылығы ғылымына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның ғылыми жетекшілігімен 7 докторлық, 10 кандидаттық, 1 PhD және 4 магистрлік диссертация қорғалған.

Ғалымның 60 жылдан астам уақыт бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде мал тұқымдарын асылдандыру ісінде зор жетістіктерге қол жеткізілді. Оның қаламынан 250-ден астам ғылыми еңбек, соның ішінде 2 монография, 2 оқулық, 5 оқу құралы мен әдістемелік ұсынымдар жарық көрген.

Профессор Садықұловтың жетекшілігімен елімізде дегерес және сарыарқа қой тұқымдарының генетикалық әлеуетін жетілдіру жобалары жүзеге асырылды. Сондай-ақ ғалымның бастамасымен алғаш рет 2002 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан дегерес қой тұқымының эмбриондары мен оциттерін ғарыштық жағдайда зерттеу бойынша халықаралық ғылыми жоба іске асқан.

Төлеухан Садықұлының еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, «Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағына ие болған. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері және Алматы облысының құрметті азаматы.

Салтанатты шара соңында қатысушылар мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ғылым жолындағы жаңа жетістіктер мен отбасы амандығын тіледі. Төлеухан Садықұлы өз кезегінде университет басшылығына, әріптестеріне және шәкірттеріне алғысын білдіріп, елдің аграрлық ғылымы мен білімін дамытуға үлес қоса беруге ниетті екенін айтты.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник