«KAZNARU-2025» БІРІНШІ КУРС СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ ЖАБЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ
2025 жылғы 21 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің стадионында «KazNARU-2025» бірінші курс студенттерінің спартакиадасы өз мәресіне жетті. «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының меңгерушісі Меруерт Шекеевнаның жетекшілігімен, факультет декандарының және студенттердің белсене атсалысуымен аталған іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Ұлық мереке 25 қазан – Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып, жас спортшылардың бірлігін, жігері мен командалық рухын айшықтады. Салтанатты жабылу рәсіміне Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры – Гүлмира Егізбаевна Алпысбаева, Жастар ісі жөніндегі басқарма бастығы – Әшірәлі Сманов және университеттің құрама команда мүшелері қатысты. Спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері әр түрлі спорт түрлері бойынша анықталды: волейбол, баскетбол, кіші футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және қол күресі.
Жарыс нәтижесі бойынша:
🥇 1 орын – Ветеринария және зооинженерия факультеті (46 ұпай);
🥈 2 орын – Орман шаруашылығы және жер ресурстары факультеті (40 ұпай);
🥉 3 орын – Инженерлік технологиялар факультеті (36 ұпай).
Салтанат барысында каратэ-до бойынша спорт шеберлігіне үміткер Иманғазиева Алуа өз өнерін көрсетіп, қатысушылардың қошеметіне бөленді. Спартакиада – тек спорттық сайыс қана емес, достық пен ұйымшылдықтың, салауатты өмір салтына деген ұмтылыстың мерекесіне айналды.
KazNARU Баспасөз қызметі