ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
2025 жылғы 21 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, нашақорлықты алдын алу, сондай-ақ жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Алматы қаласы құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.
Шараға ҚазҰАЗУ Жастар ісі жөніндегі басқармасының бастығы Әшірәлі Жүсіпұлы Сманов, факультет декандарының орынбасарлары, академиялық топ кураторлары және студенттер қатысты.
Кездесуді Жастар ісі жөніндегі басқарманың әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі жетекші маманы Мақсат Мұқатайұлы Иманбеков жүргізіп, жиынның мақсатын айқындады – жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту және нашақорлықты алдын алу.
Алғашқы болып ҚР ІІМ Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңестің мүшесі Данил Сергеевич Айтов сөз сөйледі. Ол студенттерді спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырып:
- Сіздер – еліміздің ертеңісіздер. Өмірде тек биіктерден көрініңіздер, ал есірткі мен құмар ойындарға тәуелділік – табыстың емес, тығырықтың жолы», – деп жастарға рух берді.
Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының орынбасары, полиция полковнигі Мәди Ұлдаханұлы Құрманжанов елімізде 2023–2025 жылдарға арналған есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары туралы баяндады. Ол жастар арасында синтетикалық заттардың таралуына жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Басқарманың аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Дәурен Асқарұлы Көбеев интернет арқылы есірткі таратудың жаңа тәсілдері мен олардың құқықтық жауапкершілігі жөнінде түсіндірме жасады.
Нарколог-дәрігер Айтолқын Абдыбахытқызы Жүзбаева есірткі заттарының адам ағзасына, әсіресе ми мен жүйке жүйесіне тигізетін зиянды әсері туралы айтты.
- Есірткі адам санасын улап, ерік-жігерді әлсіретеді. Мұндай тәуелділіктің соңы денсаулық пен өмірге үлкен қауіп төндіреді», – деді ол.
Жиынды қорытындылаған ҚазҰАЗУ Жастар ісі жөніндегі басқармасының бастығы Әшірәлі Жүсіпұлы Сманов студенттерді құқық бұзушылықтардан және нашақорлыққа тәуелділіктен сақ болуға үндеді.
Кездесу барысында қатысушыларға тақырыптық бейнематериалдар көрсетіліп, өзекті сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
KazNARU Баспасөз қызметі