ИНЖЕНЕРЛІК ТЕХНОЛОГИЯЛАР ФАКУЛЬТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҚТА

«Аграрлық техника және машина жасау» кафедрасының 6В11201 – «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілік қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын 4-курс студенттері Алматы қаласы Бостандық ауданының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінде көшпелі тәжірибелік сабақ өткізді.
Сабақтың мақсаты – студенттердің төтенше жағдайлар кезінде іс-қимыл жасау дағдыларын жетілдіру, өрт қауіпсіздігі ережелерін тәжірибе жүзінде үйрету және болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру болып табылады.
Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері студенттерге бөлімшенің құрылымы, арнайы техникасы мен құрал-жабдықтары туралы таныстырып, төтенше жағдайларды жою барысында қолданылатын заманауи технологиялар мен қауіпсіздік шаралары жөнінде кеңінен түсіндірді.
Сабақ барысында студенттер өрт сөндіру техникасының жұмыс істеу принципін өз көздерімен көріп, құтқарушылардың кәсіби шеберлігіне жоғары баға берді. Көптеген студенттер мұндай тәжірибелік сабақтар олардың мамандыққа деген қызығушылығын арттырғанын атап өтті.
Осындай тәжірибелік іс-шаралар студенттердің теориялық білімдерін нақты тәжірибемен ұштастырып, өмір қауіпсіздігі саласында жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.


