«ҚАЗАҚ ҰЛТЫҚ АГРАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ» КЕАҚ ЖАНЫНДАҒЫ РОӘК «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ БИОРЕСУРСТАР», «ВЕТЕРИНАРИЯ» КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУ БАҒЫТТАРЫ БОЙЫНША ОӘБ - ЖБТ МӘЖІЛІСІ
2025 жылдың 5 қарашасында Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кадрларды даярлау бағыттары бойынша Оқу-әдістемелік бірлестік – Жобаларды басқару тобы мәжілісі өтті. Мәжіліске Қазақстан Республикасының 25 жоғары оқу орындарынан РОӘК ОӘБ мүшелері, ҚР АШМ «ҰАҒББО» КеАҚ Білім және білімді тарату департаменті өкілдері, Ғылыми зерттеу институттары директорлары сонымен қатар, жұмыс берушілер мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Мәжіліс ОӘБ Кеңесінің Төраға орынбасары, Басқарма Төрағасы – Ректордың Бірінші орынбасары П. Ибрагимов басшылығымен жүргізілді.
Мәжілісте күн тәртібіне сәйкес қарастырылған мәселелер:
- РОӘК «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кадрларды даярлау бағыттары бойынша ОӘБ-ЖБТ 2025 – 2026 оқу жылына жаңартылған құрамын бекіту;
- 2025-2026 оқу жылына орналған РОӘК ОӘБ ЖБТ жылдық жұмыс жоспарын бекіту;
- Магистратураға түсушілердің кешенді тестілеу пәндерін қайта қарау және тапсырмаларын жетілдіру;
- Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 13 қазандағы № 569 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы («Агрономия» кадрларды даярлау бағытын өзгерту, «Фитосанитария» кадрларды даярлау бағытын ашу);
- РОӘК ОӘБ грифін алуға оқулықтар мен оқу құралдарын ұсыну.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселе жаңа «Фитосанитария» кадрларды даярлау бағытын ашу және сәйкес білім беру бағдарламаларының тобын енгізу. Кездесу барысында сарапшылар осы салада мамандар даярлаудың өзекті қажеттілігін негіздейтін баяндамалар жасады.
«Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма төрағасы, б.ғ.к., профессоры Дуйсембеков Бахытжан Алишерович Қазақстанның фитосанитарлық қауіпсіздік жүйесінде кадр тапшылығының болуы және мамандандырылған факультетті қалпына келтірудің стратегиялық қажеттілігінің маңыздылын атап өтті.
«С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ, ауыл және орман шаруашылығы институтының қауымдастырылған профессоры Байбусенов Курмет Серикович осы саладағы мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелерге тоқталып өтсе, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ, «Жеміс-көкөніс шаруашылығы, өсімдік қорғау және карантин» кафедрасының меңгерушісі Әбдукерім Рауза Жүсіпқызы кадрлар даярлау жүйесін жетілдірудің дербес білім беру бағытын қалыптастырудың өзектілігін негіздеді.
Жан-жақты талқылаудан кейін РОӘК ОӘБ мүшелері маңызды стратегиялық шешім қабылдады: кадрлар тапшылығын жою және елдің фитосанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Фитосанитария» жаңа кадрлар даярлау бағытын ашу және сәйкес білім беру бағдарламалар тобын қосу.
Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің жемісті жұмысы нәтижесінде күн тәртібіндегі барлық сұрақтар толықтай талқыланып, талданды. Кеңесте көтерілген өзекті мәселелер аграрлық салаға сапалы мамандар даярлауда маңызды роль атқарары сөзсіз.








