«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА KazNARU-да КЕЗЕКТІ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұжымы, профессор-оқытушылар құрамы және студенттері басшылық бекіткен жоспар бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» атты ауқымды республикалық экологиялық акция аясында кезекті сенбілікке белсене қатысты.
Күз – табиғаттың тыныстап, сары түске бөленетін ерекше шағы. Осы мезгілде айналаны таза ұстау, қоршаған ортаны күтіп-баптау бұрынғыдан да маңызды бола түседі. Бүгінгі сенбілік – табиғатқа жанашырлық таныту, университет аумағын абаттандыру және экологиялық мәдениетімізді нығайтуға бағытталған ортақ іс. Біз бірге еңбек ете отырып, өз ортамызды көркейтуге үлес қосамыз.
Шараға KazNARU әкімшілік қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамы мен 500-ден астам студент қатысты.
Әкімшілік сенбілікке қатысушыларды тиісті техника, құрал-жабдықтармен (күрек, тырма, шелек, қолғап т.б.) толықтай қамтамасыз етті. Сенбілікке шыққан барша жұрт оқу ғимараттары мен жатақханалардың алдын, гүлзарларды қоқыстардан тазартты. Бас ғимараттан бастап, барлық факультеттердің ішкі аулалары, Орталық стадион, көгалдандырылған аймақтар тазартылды, құрғақ ағаш бұтақтары мен жапырақ қалдықтары жиналды.
Туған Университетіміз жаңғырып жасарып, гүлденіп, көркейе берсін!
KazNARU Баспасөз қызметі























