ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

KazNARU-да ЗАҢ КЛИНИКАСЫ МЕН КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ ПОЛИГОННЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

✅ 2025 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) «Бизнес және құқық жоғары мектебінің» ұйымдастыруымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға арналған «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету» тақырыбымен маңызды іс-шара өтті.

✅ Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын терең орнықтыру, құқықтық мәдениетті арттыру және білім мен парасатқа негізделген әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған бастамаларды талқылау болды.

✅ Оған еліміздің құқық саласындағы жетекші сарапшылары, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, бірқатар жоғары оқу орындарының «Заң клиникаларының» басшылары, сондай-ақ біздің университеттің студенттері қатысып, құқықтық білім мен тәжірибелік мүмкіндіктерге тереңірек көз жүгіртті.

✅ Жиында құқықтық саясаттың өзекті бағыттары жан-жақты қаралып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған жаңа ұсыныстар ұсынылды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті нығайтатын ашық диалог алаңы құрылды. студенттер мамандармен тікелей сөйлесіп, өздері қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

✅ Ерекше маңызды сәт – «Заң клиникасы мен Криминалистикалық полигон: құқықтық тәртіп пен білімді ілгерілетудің жаңа алаңы» атты Заң клиникасы мен Криминалистикалық полигонның салтанатты ашылуы болды. Ашылу рәсімінде лентаны KazNARU Басқарма мүшесі, Басқарма Төрағасы – Ректордың орынбасары Сұлтанғазиев Қуат Елеусізұлы және Алматы қаласы прокурорының орынбасары Қатаев Дамир Меделбайұлы бірлесіп кесті.

✅ Сонымен қатар, студенттерге қолдау көрсеткені үшін Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Шумаев Серик Исатаевичқа және Алматы қаласының Әділет департаментіне ерекше алғыс білдіреміз.

✅ Жаңа кабинет студенттерге теориялық біліммен қатар практикалық құқықтық дағдыларды меңгеруге, нақты іс-әрекеттерді түсінуге және құқықтық тәртіпті терең ұғынуға мүмкіндік беретін заманауи алаң болмақ.

✅ Бұл шара – университет пен құқық қорғау органдары арасындағы әріптестікті нығайтып, жастар арасында құқықтық мәдениетті дамыту жолындағы маңызды қадам болып табылады.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник