KazNARU-да «ДЕНСАУЛЫҚ – 2026» СПАРТАКИАДАСЫ БАСТАЛДЫ
2026 жылдың 5 қаңтарында 5–15 қаңтар аралығында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері арасында өтетін ауқымды «Денсаулық–2026» спартакиадасы салтанатты түрде ашылды.
«Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының» меңгерушісі Меруерт Тұяқбаева білім алушылардың қысқы каникулда жүрген сәттерін оңтайлы пайдаланып, спорттың 9 түрінен өзара күш сынасқан профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер екінші жағынан денсаулықтарын шыңдауға мүмкіндік алғанын атап өтті.
Спартакиада да спорттың бес түрі бойынша 9 жарыс өткізіледі. Атап айтқанда: волейбол, баскетбол, футзал, шахмат, қол күресі және арқан тарту сайыстары ұйымдастырылады.
Аталған жарыстың басты мақсаты – ұжым арасында бұқаралық спортты дамыту, денсаулықты нығайту, командалық рух пен ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ белсенді өмір салтын қалыптастыру.
«Біздің университетте заманауи үлгідегі спорт кешені, спорттық құралдармен жабдықталған тренажерлық зал, жаздық футбол алаңы және бір жабық мини футбол алаңы, жүгіру жолағы жасалған Орталық стадионымыз бар. Білім алушылардың жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуына және ұстаздардың бос уақыттарында спортпен шұғылдануына тікелей қызмет ететін осындай нақты жағдайлар жасап, үлкен қолдау көрсетіп отырған университет басшылығына алғысымыз зор», - дейді Меруерт Тұяқбаева.
Барша қатысушыларға сәттілік тілейміз! KazNARU тек қана алға!
KazNARU Баспасөз қызметі


















