ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

Ахметов Құлмағанбет Ахметұлының 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті

Ғылым мен білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, ардақты педагог әрі тәлімгер Ахметов Құлмағанбет Ахметұлының 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерейтой иесін құттықтау үшін ҚазҰАЗУ басшылығы атынан академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алпысбаева Гүлмира Еркінқызы, «Су ресурстары және IT-технологиялар» факультетінің деканы Арыстанов Мейрам Боранұлы, сондай-ақ әріптес ғалымдар Мадиев Ғ. Р., Киргизбаева Б. Ж., Сейдалиева Г. О., Бекбосынова А., кафедра меңгерушісі Алишева Ж. Н., IT-технологиялар кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер сөз сөйледі.

Құттықтау сөздерінде қатысушылар Ахметов Қ.А.-ның жоғары кәсіби біліктілігін, терең ғылыми ойы мен педагогикалық шеберлігін, сондай-ақ адами асыл қасиеттерін ерекше атап өтті. Мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына бақ-береке және ғылыми-педагогикалық қызметінде толағай табыстар тіледі.

Ахметов Құлмағанбет Ахметұлы — ақпараттық технологиялар саласында аграрлық жүйелерді модельдеу бағытындағы білікті маман. Ол елімізде қазақ тілінде алғаш рет жарық көріп, алыс-жақын шетелдердегі қазақ тілінде білім беретін оқу орындарына дейін кеңінен таралған «Есептеу техникасы және программалау» (Алматы, «Қайнар» баспасы) оқулығының авторы.

Ғалым информатика, эконометрика және ақпараттық технологиялар негізінде аграрлық жүйелерді модельдеу саласына арналған 9 жеке оқулықтың, сондай-ақ бірлескен авторлармен жазылған 7 оқулықтың авторы (оның ішінде 6 оқулық ҚР БҒМ грифімен жарық көрген). Сонымен қатар ол 23 оқу құралының, 5 ғылыми монографияның, 300-ден астам ғылыми мақала мен оқу-әдістемелік еңбектердің және еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында кеңінен қолданылатын BIOMET, STATIST, ARM–PROGNOZIST, PROIZFUNC, TEST және өзге де компьютерлік бағдарламалар пакеттерінің авторы.

Ахметов Құлмағанбет Ахметұлының ғылыми мұрасы мен педагогикалық еңбегі жас мамандарды тәрбиелеуге, отандық ғылымның дамуына және аграрлық саладағы ақпараттық технологияларды жетілдіруге зор үлес қосып келеді.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник