КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСЫН ЖЕТІЛДІРУ БАСТЫ НАЗАРДА
Бүгін 2026 жылдың ақпанның 5 жұлдызында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) ұжымы Алматы облысы, Іле ауданы, Асқар Тоқпанов ауылындағы №42 мектептің 9-10-11 сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру бағытындағы маңызды іс-шара – «Ертеңгі маман – бүгінгі түлек» атты көшпелі Ашық есік күніне қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – мектеп түлектерін жоғары білім беру мүмкіндіктерімен кеңінен таныстыру, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру, сондай-ақ университет пен мектеп арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту. Кездесу барысында оқушыларға заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар, білім беру бағдарламалары, оқу үдерісінің ерекшеліктері мен студенттік өмір жайлы жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шара №42 мектеп директоры Сағымбекова Ғалия Құрманханқызының, сондай-ақ жаратылыстану бірлестігінің жетекшісі, педагог-зерттеуші Түркістанова Құндыз Түркістанқызының жылы лебізі мен ықыласты қарсы алуымен басталды. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы мұндай кездесулердің оқушылардың болашақ мамандықты саналы таңдаудағы маңызын атап өтіп, университет өкілдеріне алғыс білдірді.
Аталған іс-шараға университет атынан Қабылдау комиссиясының директоры, э.ғ.к., профессор Қайырбаева Айнұр Елтайқызы және тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамы мен белсенді студенттер қатысып, өз салалары бойынша мазмұнды баяндамалар жасап, оқушылардың қызықтырған сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Атап айтқанда, Куншигарова Ляззат Шаукарбаевна – «Есеп, аудит және қаржы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының магистрі, «Энергетика және электротехника» кафедрасының ассистенті Дат Сарсенбекұлы, сондай-ақ Яхияева Құралай Қалмағанбетқызы – «Су ресурстары» кафедрасының магистрі, Еркінбай Анэля – «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті, Оразхан Санат Рыстайұлы – «Құқықтану» мамандығының 3-курс студенті, Оңғарбай Данияр Ерланұлы – «Инженерлік-техникалық» факультетінің студенті өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара барысында оқушыларға университетке түсу шарттары, гранттық мүмкіндіктер, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, ғылыми жобаларға қатысу және болашақта жұмысқа орналасу перспективалары туралы кең көлемде мәлімет берілді. Студенттер өздерінің оқу барысындағы жетістіктері мен студенттік өмірдің қызықты сәттері туралы айтып, мектеп оқушыларының жоғары оқу орнына деген қызығушылығын арттырды.
Ашық есік күніне тек Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ғана емес, сонымен қатар С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Нархоз университеті және Алматы технологиялық университетінің өкілдері қатысып, талапкерлерге әртүрлі бағыттағы білім беру бағдарламалары туралы ақпарат ұсынды. Төрт бірдей жетекші университеттің бір алаңда бас қосуы оқушылар үшін кәсіби бағдар таңдауда үлкен мүмкіндік болды.
Шара соңында мектеп оқушылары мен ұстаздар тарапынан іс-шараның мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға беріліп, мұндай кездесулердің жастардың болашақ мамандықты дұрыс таңдауына зор ықпал ететіні атап өтілді. Көшпелі Ашық есік күні түлектердің кәсіби бағдарын айқындауға бағытталған маңызды, әрі мазмұнды алаңға айналды.
Аталған кездесудің жалғасы ретінде сәуір айында 9–10–11 сынып оқушыларының ата-аналарының қатысуымен ауқымды кәсіби бағдар беру фестивалін өткізу жоспарлануда. Фестиваль аясында оқушылардың болашақ мамандығын дұрыс таңдаудағы рөлі, еңбек нарығындағы сұранысқа ие бағыттар, жоғары оқу орындарының мүмкіндіктері туралы кең көлемде ақпарат беріліп, кәсіби бағдар беру бойынша арнайы форум ұйымдастырылмақ.
KazNARU Баспасөз қызметі





















