МІНДЕТІМІЗ – МӘДЕНИ МҰРАНЫ ТЕРЕҢ СЕЗІНІП, ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРДІҢ МАҢЫЗЫН ҰҒЫНУ, ДӘРІПТЕУ, ҚҰРМЕТТЕУ, ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН НЫҒАЙТУ

Қиссалар Наурыз тарихын Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына аман-есен жетіп, тіршілік сол мекеннен қайта тарауды тойлаудан басталғанын меңзейді. Кеме көктемнің алғашқы айында құрлыққа жеткендіктен Наурыз мерекесі мезгілдің алғашқы айында аталып өтіледі.
Қазақстанның қазіргі тарихында Наурыз толыққанды трансформацияларға қарқын берген жаңа саяси дәуірдің басталуын білдіреді. Табиғат жаңаруындағы жаңа циклдің басталуын Қазақстан дамуындағы жаңа кезеңнің басталуымен салыстыруға болады.
Наурыз тұжырымдама тізбесіне сай – мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, мәдениет пен салт-дәстүрдің ұлт жанының ажырамас бөлігі екенін еске салатын маңызды сәт.
Бұл күн ежелгі әдет-ғұрыптарды құрметтеуге, олардың маңызын терең түсінуге және оларды заман талабына сай жаңғыртуға үндейді. Осылайша, дәстүрлер өз мәні мен құндылығын жоғалтпай, жаңа сипат алып, қайта жанданады. Бұл – өткенге құрметпен қарау арқылы кемел болашаққа қадам басуға мүмкіндік беретін кезең.
Бұл күн әрбір адамға мәдениеттің тек сыртқы өрнек емес, ең алдымен ішкі рухани байлық екенін, өмірдегі сұлулықты көре білу мен өз тарихын қадірлеу арқылы жарқын болашаққа ұмтылу қажет екенін ұғындырады. Бұл – ата-баба мұрасын сезініп, дәстүрлі құндылықтармен қауышып, рухани кемелденуге бағыт алатын ерекше уақыт.
Қазіргі таңда елімізде тәуелсіздік рухы нығайып, ұлттық бірегейлік қалыптасып, салт-дәстүрді жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Ұрпақтар сабақтастығын нығайту, халықтық әдет-ғұрыптарды қайта жандандыру, тарихи символдарды қалпына келтіру және ұлттық мұраға негізделген жаңа мәдени парадигманы дамыту басты бағыттардың біріне айналып отыр.
Қоғамның мәдени-тарихи мұраға деген қызығушылығы артып, бұл үрдіс күнделікті өмірге айтарлықтай ықпал етуде. Қазіргі таңда дәстүрлі қазақ тағамдарына сұраныстың артуы – табиғи өнімдерге негізделген салауатты тамақтану үрдісінің айқын көрінісі, қоғамдағы салауатты өмір салтына бетбұрыстың, табиғи әрі экологиялық таза өнімдерге деген қызығушылықтың артуының нақты дәлелі. Бұл құбылыс тек тағам мәдениетінің жандануы ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды сақтау мен денсаулықты нығайту үрдісімен де тығыз байланысты.
Дәстүрлі ұлттық тағамдар – тек ас ғана емес, ол халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрінің бір бөлігі. «Ас – адамның арқауы» деген нақыл сөздің өзі тағамның адам өміріндегі маңызын көрсетеді. Сондықтан ұлттық тағамдарды дәріптеу – бұл тек дұрыс тамақтануды насихаттау ғана емес, сонымен қатар ұлттық мұраны сақтау болып табылады.
Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні халқымыздың мәдени бай мұрасы ұлықталып, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мән-маңызы айқындалады. Тіршілігіміздің әр табы салт-дәстүрмен сабақтасатын халқымыз үшін оның орнықты қолданылып, өмірімізді өрнектей түсуі қай ғасырда да өзекті.
Биыл Наурыз мерекесін атап өтудің ерекшелігі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарының белсенді қолданылуында. Бұл бастамалар Мемлекет басшысы жариялаған цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылуда.
Осы орайда, KazNARU-дың «Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы» ғылыми-білім беру инновациялық орталығында Наурыздың тақырыптық мазмұны мәдениетті және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған маңызды мерекелік іс-шара өткізілді. Мерекелік іс-шарада KazNARU-дың профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары белсенділік танытты.
Мерекелік іс-шарада білім алушылар қазақтың ұлттық дәстүрлер, ұлттық аспаптар және ұлттық тағамдар туралы кең ауқымды құнды мәліметтер алып, Орталық қызметкерлерінің Наурыз дастарханына арнайы жаңа рецептурамен дайындалған функционалды тиімділікке бағытталған ұлттық сүт және нан-тоқаш өнімдерінен дәм татты.
Іс-шара барысында жас білім алушылар береке мен қуаныштың нышаны жаңа мазмұнмен жаңғырған шашу дәстүрімен танысып, қазақ халқының ежелден келе жатқан адал ниет пен жақсы тілек білдіруге негізделген қастерлі ұлттық дәстүр, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани құндылық болып табылатын ақ ниетпен, ізгі тілекпен берілген бата беру рәсіміне күә болды.
Мерекелік іс-шара шеңберінде жасанды интеллект көмегімен қазақтың ұлттық киіміндегі бейнеде жеке фотосуреттер жасалды.
Өткізілген мерекелік іс-шара әр қатысушыға мәдени мұраны терең сезініп, дәстүрлердің маңызын ұғынуға мүмкіндік берді.

















