ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

KazNARU ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЖОБАСЫ: АЛМАТЫДА ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТЕРДІ ИНВЕНТАРИЗАЦИЯЛАУДЫҢ ДАЛАЛЫҚ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Алматы қаласының жасыл желектерін паспорттау жұмыстары жалғасуда
Өткен 2025 жылы маусым айында басталған Алматы қаласының жасыл желектерін санап, түгендеу жұмыстары Алатау, Алмалы және Турксиб аудандарында аяқталған еді. Жұмыстың басты нәтижелері ретінде жасыл желектердің әрбір санатында олардың санитарлық жағдайына сәйкес орманшылық және күтім жұмыстарын дұрыс анықтап, тағайындау еді.
Жасыл желектерді санап, түгендеу жұмыстары оларды Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) әдісін қолдана отырып, жеке-жеке есепке алу әдісі арқылы жүргізілген болатын. Ұшқышсыз ұшатын ұшақ аппараты арқылы алынатын ірі масштабты аэрофотосуреттер мен спутниктік фотосуреттер жасыл желектерді санау жұмыстарын жүргізу процесін олардың географиялық координаталарын дәл анықтау арқылы жасалған электрондық карталар (абристер) негізінде тездетуге мүмкіндік берді.
Жасыл желектерді паспорттау олардың санаты, түрі, жасы, кеуде биіктігіндегі диаметрі, биіктігі, желек диаметрі, санитарлық жағдайы секілді көрсеткіштерін анықтау арқылы беріліп, қажетті орманшылық және күтім шаралары тағайындалды.  
2026 жылдың 1-сәуірінен бастап, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Наурызбай және Медеу аудандарын қамтитын жасыл желектерді санап, түгендеу жұмыстары басталды.  
Далалық таксациялық жұмыстардың басталуына дендрология, орман таксациясы, энтомология мен фитопатология, ЖҚЗ әдістері, көгалдандыру және картография бойынша өткізілген оқыту тренингтері негіз болды.  
Осы жылдың сәуір-қараша аралығында жасыл желектерді санап, түгендеу жұмыстары қажетті сертификаттары бар 45 таксаторларды  3 тренер-жетекшілері, ГИС-маманы мен әдіскер-эксперттің жетекшілігімен жүзеге асырылады.  
Осы курстарды өткізуші тренер, көгалдандыру және ландшафтық дизайн кафедрасының аға оқытушысы, а.ш.ғ.к., Кожабекова А.Ж. тыңдаушылардың жақсы білім деңгейіне дендрология пәні үлкен әсер ететінін атап өтті. Оқытушының пікірінше, «ағаш-бұта тұқымдастарының түрлерін олардың сыртқы белгілілері (қабығы, жапырағы, қылқаны, жемісі) арқылы дұрыс анықтай білу жұмыстың сапасына үлкен әсер етеді. Ал, көгалдандыру пәні гүлзарлар, жасыл қоршаулар мен газондардың түрлерін ажырата біліп, олардың жағдайын дұрыс бағалап және де күтім шаралары мен қайта құру жұмыстарын жобалауға мүмкіндік береді».
Алматы қаласының жасыл желектерін паспорттау бойынша екі жылдық жоба Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің күшімен, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясының үйлестірушілігі арқылы іске асырылуда. 

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник