Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған қайырымдылық кездесу
2026 жылғы 1 сәуір күні Алматы қаласы Білім басқармасының «№7 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ерекше әсерге толы қайырымдылық іс-шара өткізілді.
Аталған білім ордасының директоры Токсамбаева Күміскан Асанбайқызына және мектеп ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз. Балаларға деген жанашырлықтарыңыз бен адал еңбектеріңіз — зор құрметке лайық.
Іс-шара барысында біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жүздесіп, олардың мейірімге толы жүректерін, шынайы қуана білетін ерекше болмысын терең сезіндік. Бұл балалар — қоғамның ажырамас бір бөлігі. Олардың әрбір күлкісі мен қуанышы бізге ерекше әсер сыйлады.
Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған бұл кездесуде концерттік бағдарлама ұсынылып, қызықты ойындар өткізілді. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар әзірленіп, балаларға дәм татқызылды. Балалардың қуанышында шек жоқ, әр сәтті шын жүректен қабылдайтын пәк жандар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Аталған игі іс-шараны ұйымдастыруға Микробиология, вирусология және иммунология кафедрасының ұжымы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ветеринария» білім беру бағдарламасының 2 курс белсенді студенттері белсене атсалысты.
Сонымен қатар, шақырту бойынша келген Өнер мектебінің дарынды оқушылары — Абзалұлы Асанәлі, Таныбаева Амелия, Кадырбаева Рания және Бахытбек Сүлейман өз өнерлерін көрсетіп, кештің ажарын аша түсті.
Осындай игі бастамалар арқылы біз қоғамдағы мейірім мен жанашырлық құндылықтарын дәріптеп, ерекше балаларға қуаныш сыйлауды жалғастыра береміз. Әрбір бала — бақытты болуға лайық!
Құрметпен, "Микробиология, вирусология және иммунология" кафедрасының ұжымы.
.jpeg)
.jpeg)