KazNARU-да РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ЭКО-САҒАТ ӨТТІ

KazNARU-да РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ЭКО-САҒАТ ӨТТІ

2026 жылдың 30 сәуірінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Суды үнемде – болашақты сақта!» тақырыбында республикалық деңгейдегі эко-сағат өтті. Іс-шара Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен және Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Эко-сағатқа ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның сарапшысы-эколог, «Қазақ табиғатты қорғау қоғамы» ұйымының төрағасы Айжан Сқақова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Ақылбек Күрішбаев қатысты.
Іс-шараның мақсаты – су ресурстарын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру, экологиялық жауапкершілікті арттыру және жастардың азаматтық ұстанымын нығайту.
Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаев оқу орнымыздың ғылыми-зерттеу, білім беру қызметімен, инновациялық орталықтар және зертханалардың жұмысымен таныстырды. Атап айтқанда, SIGMA кеңістіктік-уақыттық деректерді өңдеу, талдау және визуализациялауға арналған мобильді кешені, АҚШ-тың Небраска-Линкольн университетімен бірлескен «Extension» орталығы, «Ауыл шаруашылығы дрондарының ғылыми-білім беру зертханасы», Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен бірлескен «Гидрология және гидротехникалық инженерия» зертханасы, сондай-ақ «Қазақстан-Қытай қуаңшылық өңірлерде суды тиімді пайдалану» халықаралық зертханасы, «Суару жүйелерінде суды есепке алу үшін қашықтан басқару құрылғысын әзірлеу» жобасы, сонымен қатар, Алматы қаласындағы И.В.Панфилов атындағы №54 мамандандырылған мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Алниязов Амир дайындаған «Aryk.AI қалалық арықтар жүйесін мониторингілеу» жобасы ұсынылды.
«Бүгінгі таңда су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде ерекше өзекті болып отыр. 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өткен Өңірлік экологиялық Саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су қауіпсіздігі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін айрықша маңызды мәселе екенін атап өтті. Біздің болашағымыз осы өмірлік маңызы бар ресурсты ұтымды әрі әділ басқаруға тікелей байланысты.
2024 жылы «Су ресурстары және ІT технологиясы» факультеті ашылып, бүгінде онда 600-ге жуық студент, магистрант және докторант білім алуда. Олардың қатарында Ауғанстан, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа елдерден келген шетелдік студенттер бар.
ҚазҰАЗУ базасында 2024 жылы ашылған Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалында екі білім беру бағдарламалары бойынша 165 студент білім алуда.
2025 жылы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен Қытай Ғылым академиясы ғалымдарының қатысуымен кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму бойынша Қазақстан-Қытай халықаралық зертханасы құрылды. Чжэцзян технологиялық университетімен бірлесіп «Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму» және «Робототехника» (2+2) екі дипломды білім бағдарламалары жүзеге асырылуда. Жақында студенттерге Қытайда білім алу үшін сертификаттар табысталды. Сонымен қатар, Қытай аграрлық университетімен бірлесіп құрғақ аймақтарда суды тиімді пайдалану бойынша бірегей зертхана ашылды. Бұл зертхана Қазақстанда теңдесі жоқ. Алматы облысындағы ірі су қоймаларында су көлемін бақылайтын датчиктер орнатылып, деректер нақты уақыт режимінде алынады. Бұл студенттерге су ресурстарын қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының су саласын цифрландыру, жасанды интеллектіні осы салада кең қолданып, суды ұтымды пайдалану жөніндегі тапсырмаларын Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге жүзеге асыратынымызға сенімдімін», - деді А.Қ. Күрішбаев.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз баяндамасында «Болашақта су ресурстарын тиімді басқару, жаңа тәжірибелерді енгізу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде жас мамандар негізгі рөл атқарады. Қазіргі таңда су үнемдеу технологиялары, су ресурстарын басқарудың цифрлық жүйелері және өзге де экологиялық инновациялар қарқынды дамып келеді. Сондықтан сіздердің білімдеріңіз бен тың идеяларыңыз Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алады», - деді.
Келесі сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісі Қоғамдық палата мүшесі, эколог, «Қазақ табиғатты қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айжан Сқақова осындай экологиялық іс-шаралардың маңыздылығына тоқтап, болашақта суды үнемдеу бұл-саналы өмір салтымызға айналуы қажеттігін атап өтті.
Университетіміздің «Су ресурстары және IT технологиясы» факультетінің 3 курс студенті Даниял Думанжан «Су сақшылары» еріктілер тобының су ресурстарын қорғау, үнемдеу және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарған жұмыстарына тоқталды.
Эко-сағатқа университеттің 600-ден астам студенті мен профессор-оқытушылар құрамы - онлайн форматта, ал 100-ге жуық белсенді жастар, «Су сақшылары» еріктілер тобының мүшелері оффлайн қатысты. Сонымен қатар Алматы қаласының жоғары оқу орындары мен колледждердің білім алушылары және 10-11 сынып оқушылары YouTube платформасы арқылы қосылды.
Іс-шара соңында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов бір қатар ұстаз-ғалымдарды, белсенді жастар мен еріктілерді алғыс хаттармен марапаттады.
Су ресурстарын үнемдеу, сақтау және қорғау – баршамызға ортақ маңызды міндет. Бүгінгі эко-сағат бұл ұстанымды дәріптеп қана қоймай, нақты іс-қадамдарға жетелейтін алаңға айналды.
KazNARU Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник