KazNARU-да ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ТАБЫСТЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

KazNARU-да ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ТАБЫСТЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

2026 жылғы 6 мамырда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Smart AgroScience: жас ғалымдардың зерттеулері мен инновациялары» атты жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз жұмысын аяқтады. Аралас форматта өткен конференцияға Қазақстанмен қатар Қытай, Германия, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінің жас ғалымдары қатысты. Ғылыми іс-шараға жалпы 38 ұйымнан 200-ден астам мақала ұсынылып, секциялық отырыстарда 70 баяндама жасалды. Конференция аясында ұйымдастырылған 6 секцияның әрқайсысы бойынша үздік баяндамашылар анықталды.

 

Конференция қорытындысы бойынша ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Басқарма төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов пленарлық отырыста баяндама жасаған жас ғалымдарға, 6 секциялық отырыста үздік нәтиже көрсеткен баяндамашыларға, сондай-ақ университет білім алушылары арасында өткен START-UP жобалар байқауының жеңімпаздары мен қатысушыларына ҚР ҰҒА Басқарма Президенті, KazNARU Басқарма төрағасы – Ректор Ақылбек Күрішбаевтың атынан дипломдар мен сертификаттар табыстады. Сонымен қатар қатысушыларға демеушілер ұсынған естелік сыйлықтар берілді.

5–6 мамыр күндері өткен ауқымды ғылыми алаң жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға, тәжірибе алмасуға, инновациялық идеяларды талқылауға және аграрлық ғылымның басым бағыттары бойынша жаңа бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік берді.

Конференцияның екінші күні мазмұнды шеберлік сағатымен ерекшеленді. ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Өмір және денсаулық туралы ғылымдар орталығының басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Марлен Есиркепов «Ғылыми зерттеу әдістемесі: идеядан диссертацияға дейін» тақырыбында дәріс оқыды. Аралас форматта өткен шеберлік сағатына магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдар қатысып, зерттеу идеясын қалыптастыру, әдіснаманы дұрыс таңдау, деректерді талдау, ғылыми нәтижелерді рәсімдеу және ғылыми этика талаптары бойынша практикалық ұсыныстар алды.

Халықаралық конференция аясында 6 бағыт бойынша секциялық отырыстар ұйымдастырылды. Олар тұрақты ауыл шаруашылығы және экология, ветеринария және биотехнология, су ресурстары мен IT технологиялар, орман және жер ресурстары, АӨК-дегі инженерлік және тағам технологиялары, сондай-ақ аграрлық экономиканың инновациялық дамуы мен цифрлық трансформациясы бағыттарын қамтыды.

Конференция материалдары жинақталып, ISBN беріле отырып ғылыми жинақ ретінде жарияланатын болады.

Аталған ғылыми іс-шара жас ғалымдарды қолдау, ғылыми зерттеулерді дамыту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту және агроөнеркәсіп кешеніне инновациялық шешімдерді енгізу бағытындағы маңызды алаңға айналды.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник