KazNARU-да «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП – 2026» ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

KazNARU-да «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП – 2026» ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

2026 жылдың 01 маусымында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Халықаралық жазғы мектеп – 2026» жұмысының ресми ашылуы болып өтті. Оған алыс-жақын 24 шетелден, атап айтқанда АҚШ, Малайзия, Қытай, Германия, Польша, Румыния, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан т.б., KazNARU проректорлары мен профессор-оқытушылар құрамы, отандық серіктес ЖОО-лардың жетекші ғалымдары, 170-тен астам білім алушылар қатысты.
Халықаралық жазғы мектептің негізгі мақсаты – білім алушылардың теориялық білімін тереңдету, практикалық дағдыларын дамыту, ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылығын арттыру және халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту.
Жазғы мектептің ашылуында Басқарма мүшесі, Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы құттықтау сөз сөйлеп, халықаралық білім беру және ғылыми байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Ол жазғы мектептің жастардың кәсіби дамуына, жаңа білім мен тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін тиімді алаң екенін атап өтті.
Іс-шара барысында университеттің шетелдік серіктестері де қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді. Атап айтқанда, Қытайдағы Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің вице-президенті Чжан Хунмин, Швейцариядағы Солтүстік-Батыс қолданбалы ғылымдар және өнер университетінің (FHNW) профессоры, PhD докторы Йёрг Хувилер, Индонезиядағы Маликуссалех университетінің Азаматтық құрылыс кафедрасының меңгерушісі Нура Усрина және Өзбекстандағы «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің профессоры Комил Астанакулов сөз сөйледі.
Қонақтар халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, жазғы мектеп жұмысына сәттілік тіледі. Олар мұндай білім беру алаңдарының студенттер мен жас ғалымдардың кәсіби әлеуетін арттыруға, ғылыми идеялармен алмасуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Екі аптаға созылатын жазғы мектеп аясында қатысушылар үшін дәрістер, семинарлар, тәжірибелік сабақтар, шеберлік сағаттары және ғылыми пікірталастар ұйымдастырылады. Бағдарлама ғылым мен білімнің әртүрлі бағыттарын қамтып, халықаралық тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлуді көздейді.
Салтанатты ашылу рәсімі мәдени бағдарламамен жалғасып, университетіміздің талантты жастары қазақ биін, әсем әндерді және заманауи билерді орындап, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Халықаралық жазғы мектеп – 2026» қатысушылар үшін жаңа білім мен тәжірибе алуға, халықаралық байланыстар орнатуға және болашақ ғылыми бастамаларды дамытуға бағытталған маңызды алаң болмақ.
KazNARU Баспасөз қызметі
---------Chatbot---------
виртуальный помощник