РАЙЫМБЕК АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ФОРУМЫ ӨТТІ: ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТІҢ, ТӘЖІРИБЕ МЕН ЖАСТАР САБАҚТАСТЫҒЫ ТОҒЫСҚАН ІРІ АЛАҢ
2026 жылғы 5 маусым күні Алматы облысының еңселі тарихы мен табиғаты тамсандырған өңірлерінің бірі – Райымбек ауданы үшін ерекше күн болды. Ауданның 90 жылдық мерейтойына орай Сарыбастау ауылында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы көрмесі ғылым, білім және өндіріс өкілдерін бір алаңға тоғыстырған тағылымды шараға айналды.
Ауыл еңбеккерлерінің маңдай тері мен ғылым жетістіктерінің үндестігін айқын көрсеткен бұл көрме өңірдің аграрлық әлеуетін танытып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының болашағына деген сенімді нығайтты. Шараға еліміздің жетекші ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, өздерінің ғылыми жетістіктерін, инновациялық жобаларын және өндірісте қолданылып жүрген озық технологияларын көпшілік назарына ұсынды.
Көрменің ашылу салтанатында Райымбек ауданының әкімі сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен аграрлық сектордағы жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Өз баяндамасында аудан басшысы мал шаруашылығын дамыту, асыл тұқымды мал басын көбейту, ауыл туризмінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және су ресурстарын ұтымды басқару мақсатында тамшылатып суару технологияларын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды ерекше атап өтті.
Аудан әкімінің баяндамасы туған жердің дамуына деген жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісіне айналды. Өңірдің бүгінгі тынысы мен ертеңгі келешегі туралы айтылған ойлар көрме қатысушылары тарапынан зор қызығушылықпен қабылданды.
Іс-шара барысында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің делегациясы да белсенді қатысып, аудан тұрғындары мен шаруа қожалықтары өкілдерімен мазмұнды кездесу өткізді. Бұл сапар университет пен Райымбек ауданы әкімдігі арасындағы қалыптасқан өзара ынтымақтастықтың нақты көрінісі болды.
Атап айтқанда, Ветеринария және Зооинженерия факультеті, Зооинженерия және биотехнология кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Құлатаев Бейбіт Тұрғанбекұлы және Микробиология, вирусология және иммунология кафедрасының меңгерушісі, аға оқытушы, PhD Жылқайдар Арман Жетпісбайұлы аудан тұрғындары мен шаруа қожалықтарының өкілдеріне арналған «Ауыл шаруашылығы жануарларының инфекциялық ауруларының алдын алу» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік баяндама жасады.
Баяндама барысында мал шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер қозғалып, ауыл шаруашылығы жануарларының инфекциялық ауруларының таралу ерекшеліктері, олардың экономикалық шығындары, алдын алу шаралары, вакцинацияның маңызы және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік талаптары жан-жақты түсіндірілді. Ғалымдар аурумен күрестен гөрі оның алдын алу әлдеқайда тиімді әрі экономикалық тұрғыдан ұтымды екенін нақты мысалдармен жеткізді.
Кездесу барысында ауданның тәжірибелі шаруалары мен жас фермерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ғылым мен өндірістің тоғысқан тұсында туған пікір алмасу ашық әрі мазмұнды диалогқа ұласты.
Бұл кездесу ауыл еңбеккерлерінің ғылымға деген қызығушылығын арттырып, заманауи ветеринариялық білімнің ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамы кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп, мектеп бітіруші түлектер мен жастарға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі білім беру мүмкіндіктері, ветеринария және аграрлық ғылым саласындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат берді. Ауыл жастары университеттің білім беру бағдарламаларына, өндірістік тәжірибе мүмкіндіктеріне және болашақ кәсіби даму бағыттарына ерекше қызығушылық танытты.
Іс-шараға 6В09101 – «Ветеринариялық медицина» білім беру бағдарламасының 5 курс студенті Ахылбек Сырым да қатысып, университеттің ғылыми-тәжірибелік жұмыстары мен кәсіби бағдар беру шараларына белсенді атсалысты.
Айта кету керек, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Райымбек ауданы әкімдігі арасындағы ынтымақтастық жыл сайын нығайып келеді.
Соның нәтижесінде биыл аудан шаруашылықтарында университеттің 50 студенті өндірістік практикадан өтіп, сақман науқаны барысында нақты өндірістік тәжірибе жинақтады. Бұл бастама болашақ мамандардың кәсіби даярлығын арттырумен қатар, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге зор мүмкіндік берді.
Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған бұл көрме тек мерейтойлық іс-шара ғана емес, ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын арттырған, тәжірибе мен білімді ұштастырған, ауыл шаруашылығының келешегіне бағыт-бағдар берген маңызды кездесу болды. Осындай игі бастамалар ауылдың әлеуетін арттырып, аграрлық ғылымның жетістіктерін өндіріске енгізуге жол ашады.
Ғылым мен еңбек қатар өрілген жерде даму бар. Райымбек ауданында өткен бұл тағылымды кездесу – соның айқын дәлелі.
Бүгінгі ғылыми кеңес пен тәжірибелік ұсыныс ертеңгі табысты шаруашылықтың, қауіпсіз мал өсірудің және бәсекеге қабілетті аграрлық саланың негізін қалайды.
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)


.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)


.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
