KazNARU-ДА ШОКОЛАДТЫ КӨҢІЛ КҮЙ: ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ ШОКОЛАД КОМПОЗИЦИЯЛАРЫ

KazNARU-ДА ШОКОЛАДТЫ КӨҢІЛ КҮЙ: ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ ШОКОЛАД КОМПОЗИЦИЯЛАРЫ

«Агроинженерия және тамақ өнеркәсібіндегі инновациялық технологиялар мен цифрландыру» бағыты бойынша өткен Халықаралық жазғы мектеп – 2026 аясында аккредиттелген Тағам өнімдерінің технологиясы мен сапасы ғылыми-білім беру инновациялық орталығының жетекшісі, т.ғ.д., қауымдастырылған профессор Еренова Бибипатыма Ертаевна және сүтті қайта өңдеу бойынша маман-технолог, магистр Кауменова Альбина Ержановна кондитерлік өнерге арналған «Шоколадты көңіл күй» атты ұлттық нақыштағы шоколад композицияларын дайындау бойынша мастер-класс ұйымдастырып, өткізді.
Шоколадтың пайда болу тарихына көз жүгіртсек, сүйікті шоколадтың дәмін татып отырып, ежелгі өркениеттер мұрасына ортақтасып отырғанымызды бірден аңғармауымыз мүмкін. Алайда бұл – шындық. Дәмді десертті алғаш Орталық Американың байырғы халықтары – ольмектер, майялар мен ацтектер ойлап тапқан. Шамамен 3000 жыл бұрын олар какао бұршақтарынан сергітетін «чоколатль» сусынын дайындаған. XVI ғасырда испандар оның рецептін Еуропаға әкеліп, әлемдегі ең сүйікті тәттілердің бірі – шоколад дәуірін бастады.
Шоколад неліктен көңіл күйді көтереді? Шоколад какао бұршақтарының құрамындағы ерекше заттар кешені арқылы көңіл күйге жағымды әсер етеді. Олар ағзаға түскен кезде «бақыт гормондары» саналатын серотонин мен эндорфиндердің бөлінуін ынталандырып, күйзелісті азайтып, қуаныш сезімін сыйлайды.
Заманауи шоколад, ол қандай? Қазіргі таңда заманауи шоколад – тек классикалық тәтті ғана емес, тәтті дәмнің, тұзды реңктің, ащы әсердің және қышқыл дәмнің батыл гастрономиялық үйлесімі
Осыған орай, заманауи шоколад туындыларының ерекшеліктері мен қыр-сырын таныстыру мақсатында мастер-класс ұйымдастырушылары қара ащы, сүтті және ақ шоколадтан шоколад композицияларын дайындау үдерісін көрсетті. Олардың құрамына тұзды қышқыл сүт өнімі – құрт, жұмсақ тәтті ірімшік, хош иісті тары, сондай-ақ тары талқанынан, сары май мен табиғи бал қосылып дайындалған ұлттық өнім – жент енгізілді.
Мастер-класс қатысушылары шоколад композицияларын дайындаудың негізгі кезеңдерімен – шоколадты темперлеуден бастап, дайын бұйымдарды безендіруге дейінгі үдерістермен көзбе-көз танысуға мүмкіндік алды.
Іс-шара қатысушыларын темперленген шоколадты құю үдерісі ерекше қызықтырды. Олар шоколадты домбыра, табиғи былғары ыдыс – торсық, сондай-ақ қазақтың ұлттық ою-өрнектері бейнеленген тағамдық силикон қалыптарына құйып, үлкен қызығушылықпен жұмыс істеді. Қалыптарда қошқармүйіз, құсқанаты, құстұмсық, қарлығаш сияқты зооморфтық, сондай-ақ төртқұлақ, тұмарша, шаршы, төрткөл тәрізді геометриялық өрнектер қолданылды.
Салқындату және кристалдану кезеңінен кейін көптен күткен дегустация сәті басталды. Қатысушылар шоколад композицияларын сүйсіне татып көріп, әр бөліктің ауызда баяу еріп, өзіндік ерекше дәмін ашатынын сезінді.
Қатысушыларды әсіресе дайын композицияларды қалыптан шығару және оларды қораптарға әсемдеп орналастыру үдерісі ерекше әсерге бөледі.
Айта кету керек, қатысушылар шоколад композицияларынан дәм татып қана қоймай, сергітетін хош иісті кофе мен жұмсақ ванильді-шоколадты балмұздақтан да ерекше әсер алды.
Іс-шара қатысушылары мастер-класстан үлкен әсер алып, жылы лебіздерін білдіріп, ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын жеткізді.
Мастер-класс аясында қатысушылар шоколад композицияларын жасаудың технологиялық үдерісіне еніп қана қоймай, ұлттық нақыштарды өз қолдарымен шоколад өнеріне айналдыру арқылы қазақ мәдениеті мен дәстүрін тереңірек тануға мүмкіндік алды.
Ең бастысы, мастер-класс қатысушылары ерекше шоколадты көңіл күйге бөленіп, келесі Жазғы мектепке дейін жететін мол қуат пен жағымды әсер алды.

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник