ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП – 2026: ҚАСКЕЛЕҢ ОРМАНШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҚ
«Климаттың өзгеруі жағдайындағы ақылды орман шаруашылығы және жер ресурстары» тақырыбындағы Халықаралық жазғы мектептің екінші аптасы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ақсай филиалына қарасты Қаскелең шатқалында орналасқан Қаскелең орманшылығына ұйымдастырылған танымдық-тәжірибелік экскурсиядан басталды. Экскурсияның негізгі мақсаты – қатысушыларды орман шаруашылығын жүргізудің заманауи әдістерімен, орман ресурстарын сақтау және молайту бағытындағы жұмыстармен, сондай-ақ табиғи экожүйелерді қорғау тәжірибесімен таныстыру болды. Іс-шараға Артвин Чорух университеті (Түркия) Орман шаруашылығы факультетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Зафер Олмез және жазғы мектепке келген қатысушылар экскурсия бағдарламасымен таныстырды. Қаскелең орманшылығының мамандары жазғы мектеп қатысушыларын жылы қарсы алып, орман шаруашылығының күнделікті қызметі мен табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді. Экскурсия барысында қонақтар орман тәлімбағының жұмысымен танысып, көшет өсірудің технологиялық кезеңдерін, жергілікті табиғи жағдайларға бейімделген ағаш түрлерін көбейту әдістерін және орман қорын қалпына келтірудің заманауи тәсілдерін көрді. Орманшылар табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, биоалуантүрлілікті сақтау және климаттың өзгеруі жағдайында орман экожүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар орман шаруашылығы саласындағы теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, өңірдегі табиғатты қорғау жұмыстарының ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік алды. Экскурсия аясында қатысушылар Қаскелең шатқалының табиғи ландшафттарын тамашалап, өңірдің экологиялық ерекшеліктері мен орман экожүйелерінің маңыздылығы жөнінде құнды мәліметтер алды. Мұндай көшпелі сабақтар білім алушылардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Халықаралық жазғы мектеп аясында ұйымдастырылған бұл іс-шара қатысушылар арасында тәжірибе алмасуды нығайтып, орман шаруашылығы мен жер ресурстарын тұрақты басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берді.