Халықаралық жазғы мектеп – 2026: Франция ғалымдарымен бірге жаңа білім мен тәжірибе алаңы
Қазақстандағы Франция Елшілігінің және «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультеті деканатының қолдауымен Халықаралық жазғы мектеп аясында қатысушылар үшін Францияның жетекші ғылыми-зерттеу ұйымдарының белгілі ғалымдары – доктор Сами Наджем және доктор Мишель Ле Паж шақырылды. Шетелдік мамандар білім алушыларға заманауи геоақпараттық технологиялар, қашықтықтан зондтау және құрғақшылық мониторингі бағыттары бойынша теориялық және практикалық білім берді. Жазғы мектептің келесі кезеңінде қатысушылар өздерінің білім беру бағыттары мен кәсіби қызығушылықтарына сәйкес екі топқа бөлініп, халықаралық сарапшылардың жетекшілігімен арнайы бағдарламалар бойынша білім алды. Бірінші топ Франциядан келген ғалым, доктор Сами Наджемнің «Қашықтықтан зондтау деректерін өңдеуге кіріспе» атты оқу курсына қатысты. Бағдарлама барысында тыңдаушылар қашықтықтан зондтаудың теориялық негіздерімен танысып, оптикалық және радиолокациялық түсірілімдердің ерекшеліктерін меңгерді. Сонымен қатар, QGIS бағдарламасында жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырып, Copernicus платформасынан спутниктік деректерді жүктеу, оларды визуализациялау, өңдеу, кесу, қайта проекциялау және өсімдік жамылғысының индекстерін есептеу бойынша практикалық жұмыстар орындады. Екінші топқа Франциядан келген ғалым, доктор Мишель Ле Паж «Google Earth Engine көмегімен құрғақшылықты бағалауға кіріспе» тақырыбында дәрістер мен практикалық сабақтар өткізді. Қатысушылар құрғақшылықтың табиғаты мен оның салдарын бағалау әдістерін үйреніп, Google Earth Engine платформасында жұмыс істеу мүмкіндіктерімен танысты. Бағдарлама аясында стандартталған жауын-шашын индексін (SPI) есептеу, жерді қашықтықтан бақылау деректері негізінде құрғақшылық индекстерін анықтау, нәтижелерді графиктер мен кестелер түрінде шығару, сондай-ақ әртүрлі индекстерді біріктіру және құрғақшылық кезеңдерін айқындау бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Үш күнге созылған қарқынды оқу бағдарламасы қатысушыларға заманауи геоақпараттық технологиялар мен қашықтықтан зондтау әдістерін тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік берді. Халықаралық деңгейдегі мамандардың дәрістері мен практикалық сабақтары білім алушылардың кәсіби құзыреттіліктерін арттырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын күшейтті. Жазғы мектептің қорытындысында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, белсенділік танытқан тыңдаушыларға алғыс білдірілді. Іс-шара жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қатысушылар мен оқытушылар тарапынан жоғары бағасын алды. Жазғы мектеп білім алмасу, тәжірибе бөлісу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту алаңына айналды.