KazNARU-да ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП – 2026 ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

KazNARU-да ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП – 2026 ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде 2026 жылғы 1–14 маусым аралығында өткен «Халықаралық жазғы мектеп – 2026» өз жұмысын қорытындылады. Биылғы бағдарлама әлемнің әртүрлі елдерінен келген студенттерді, жас зерттеушілерді, профессор-оқытушыларды және жетекші халықаралық сарапшыларды біріктіріп, білім, ғылым, тәжірибе және мәдени алмасудың маңызды алаңына айналды.
Жабылу салтанатында алғашқы сөз Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимовке берілді. Ол өз сөзінде халықаралық жазғы мектептің білім алушылардың теориялық білімін тереңдетуге, практикалық дағдыларын дамытуға, ғылыми қызығушылығын арттыруға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.
Биылғы жазғы мектепке АҚШ, Малайзия, Қытай, Польша, Түркия, Грузия, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Пәкістан, Франция және басқа да елдерден 200-ден астам қатысушы офлайн форматта қатысты. Екі апта бойы қатысушылар аграрлық ғылым, су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруі, ветеринариялық медицина, биотехнология, цифрландыру, агробизнес және тұрақты даму бағыттары бойынша білім алып, өзара тәжірибе алмасты.
Бағдарлама 9 негізгі бағытты қамтыды. Атап айтқанда, «SmartWater: климаттың өзгеруі жағдайындағы су ресурстары», «Ветеринариялық медицинадағы биоэпидемиология», «Генетика, селекция және биотехнология», «Климаттың өзгеруі жағдайындағы тұрақты ауыл шаруашылығы», «Smart Forestry and Land Resources Management», «Innovative Technologies and Digitalization in Agricultural Engineering and Food Industry», «Агробизнесті жаңғырту және оның құқықтық негіздері», сондай-ақ тұрақты даму стартаптарына арналған бағыттар бойынша дәрістер, воркшоптар, семинарлар мен практикалық сабақтар өткізілді.
Халықаралық жазғы мектеп аясында дәрістерді KazNARU ғалымдарымен қатар, Небраска–Линкольн университеті, Қытай ауыл шаруашылығы университеті, Ланьчжоу университеті, Малайзия Путра университеті, Түркиядағы Артвин Чорух университеті, Сакария университеті, Солтүстік-Батыс Швейцария қолданбалы ғылымдар және өнер университеті және басқа да серіктес ұйымдардың профессорлары жүргізді. Қатысушылар университеттің заманауи зертханаларымен танысып, шеберлік сабақтарына, ғылыми талқылауларға, мәдени-танымдық іс-шараларға және кәсіби networking алаңдарына белсенді қатысты.
Жабылу салтанатында шетелдік профессорлар мен қатысушылар жазғы мектептің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, бағдарламаның студенттер үшін академиялық біліммен қатар халықаралық тәжірибе, жаңа достық байланыстар және кәсіби ынтымақтастық мүмкіндіктерін сыйлағанын жеткізді. Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталып, ұйымдастырушылар барлық профессорларға, сарапшыларға, студенттерге және серіктестерге белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді. «Халықаралық жазғы мектеп – 2026» KazNARU-дың білім беруді интернационалдандыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және аграрлық ғылымдағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы маңызды бастамаларының бірі ретінде есте қалды.
KazNARU Баспасөз қызметі
---------Chatbot---------
виртуальный помощник