KazNARU ТҮЛЕКТЕРІ 40 ЖЫЛДЫҚ КЕЗДЕСУДЕ БАС ҚОСТЫ
2026 жылғы 19 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Ветеринария» мамандығын 1986 жылы тәмамдаған түлектердің 40 жылдық мерейтойлық кездесуі өтті.
Тағылымы мол іс-шараға университет басшылығы, ардагер ұстаздар, ғылым, білім және өндіріс салаларында табысты еңбек етіп жүрген түлектер қатысты. Кездесу барысында түлектер студенттік шақтың жарқын естеліктерін жаңғыртып, өздері білім алған қара шаңыраққа тағзым етті.
Салтанатты жиынды Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Шопанқұлұлы Ибрагимов ашып, мерейтой иелерін құттықтады. Өз сөзінде ол түлектердің ветеринария саласының дамуына, аграрлық ғылым мен өндіріске қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында университеттің дамуына және маман даярлау ісіне сүбелі үлес қосқан ардагер ұстаздар университеттің «Айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ ветеринария ғылымы, өндіріс және қоғамдық қызмет салаларында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар түлек аграрлық білімнің, ғылымның және өндірістің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін университеттің «Аграрлық білім, ғылым және өндіріске сіңірген еңбегі үшін» және «Университет мақтанышы» төсбелгілерімен марапатталды.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, ҚазҰАЗУ Түлектер қауымдастығының төрағасы Әділхан Әбуұлы Самбетбаев құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ курстастар атынан сөз алған биология ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Психологтар қауымдастығының төрағасы Мұхан Әтенұлы Перленбетов студенттік жылдардағы әсерлі естеліктерімен бөлісіп, университет басшылығына, білім мен тәрбие берген ұстаздарына шынайы ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Мұхан Әтенұлы 1986 жылғы түлектер атынан факультет студенттерінің игілігіне пайдалануға арналған заманауи теледидарды сыйға тартып, жас буынның сапалы білім алуына қолдау көрсетті.
Кездесу кешінде қонақтарға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Құдайберген Бекіш өткен жылдардың жүректерде сақталған танымал әндерін орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар университеттің өнерлі жастары ән мен биден шашу шашып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Көңілді кеш түлектердің жастық шақ естеліктерін жаңғыртып, мерейтойлық кездесудің сәнін арттыра түсті. 40 жылдан кейін қайта қауышқан түлектер үшін бұл кездесу өткенге тағзым жасап, ұстаздарға құрмет көрсетіп, достық пен әріптестік байланыстарды нығайтқан ерекше басқосу болды.
KazNARU Баспасөз қызметі