KazNARU-да РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕҢЕСІНІҢ «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ БИОРЕСУРСТАР», «ВЕТЕРИНАРИЯ» БАҒЫТТАРЫ БОЙЫНША ОӘБ–ЖБТ III МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

KazNARU-да РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕҢЕСІНІҢ «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ БИОРЕСУРСТАР», «ВЕТЕРИНАРИЯ» БАҒЫТТАРЫ БОЙЫНША ОӘБ–ЖБТ III МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

2026 жылғы 24 маусымда KazNARU-да офлайн және онлайн форматта Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кадрларды даярлау бағыттары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігі – жобаларды басқару тобының кезекті мәжілісі өтті.
Мәжілісті «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Алпысбаева Гүлмира Егізбайқызы жүргізді.
Күн тәртібінің негізгі мәселесі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде инклюзивті ортаны қалыптастыру мәселелерін талқылауға арналды.
Негізгі баяндаманы академиялық мәселелер жөніндегі проректор, ветеринария ғылымдарының кандидаты Гүлмира Егізбайқызы Алпысбаева жасады. Өз сөзінде ол инклюзивті білім беруді дамыту қазіргі қоғамның гуманистік қағидаттарының көрінісі ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың сапалы білім алуға конституциялық құқығын іске асырудың маңызды шарты екенін атап өтті.
Баяндама барысында аграрлық және ветеринариялық кадрларды даярлау бағыттары үшін инклюзивті білім беру ортасын қалыптастырудың өзектілігіне ерекше назар аударылды. Агроөнеркәсіптік кешен ел экономикасының стратегиялық маңызды саласы екені, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдардың жоғары білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету олардың табысты әлеуметтік бейімделуіне және ауылдық аумақтардың орнықты дамуына ықпал ететіні айтылды.
Сондай-ақ аграрлық және ветеринариялық білім берудегі инклюзивті саясатты іске асырудың ерекшеліктері қарастырылды. Атап айтқанда, білім беру процесін бейімдеу, далалық және өндірістік практикаларды ұйымдастыру, тірі биологиялық объектілермен жұмыс істеу және білім алушылардың жеке қажеттіліктерін ескеру мәселелері талқыланды.
Қорытындылай келе, проректор инклюзивті білім беру ортасын құру жоғары білім сапасын арттырудың, барлық білім алушылар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің және Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытуға үлес қоса алатын бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.
Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қарастырылып, маңызды шешімдер қабылданды:
• М136 «Аграрлық техника және технология» білім беру бағдарламалары тобы бойынша кешенді тестілеудің бейіндік пәндерін қарастыру және пәндер бойынша түзетулер енгізу қажеттілігі;
• KazNARU жанындағы РОӘК-тің «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кадрларды даярлау бағыттары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігі грифін оқу басылымдарына беру тәртібі туралы Ережені талқылау және бекіту;
• Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің оқу-әдістемелік бірлестігі грифін тағайындау арқылы оқулықтар мен оқу құралдарын баспадан шығару мақсатында ұсынылған оқу басылымдарын қарастыру, талқылау және баспаға ұсыну.
Мәжіліс қорытындысы бойынша қатысушылар «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» бағыттары бойынша кадрлар даярлау сапасын және оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған тиісті шешімдер қабылдап, нақты ұсынымдар берді.
---------Chatbot---------
виртуальный помощник