KazNARU-да «ВЕТЕРИНАРИЯ ЖӘНЕ ЗООИНЖЕНЕРИЯ» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ
2026 жылғы 3 шілдеде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің бітірушілеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Бұл – университеттің биылғы түлектерге арналған диплом тапсыру рәсімдерінің қорытынды кезеңі болды. Осылайша барлық факультеттердің түлектері көптен күткен дипломдарын алып, үлкен өмірге жолдама алды.
Салтанатты жиынды KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов құттықтау сөзімен ашты.
Ол өз құттықтауында Қазақстанда мал шаруашылығы қарқынды дамып келетіні, осы салада биотехнологиялық әдістер мен заманауи инновациялардың кеңінен енгізілуі жоғары білікті мамандарға деген сұранысты арттыратынын атап өтті. Мал шаруашылығын дамытуда ветеринариялық тағам қауіпсіздігі мен заманауи технологиялардың маңызына, бұл бағытта білім алған жас мамандардың кәсіби білімі мен жауапкершілігі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына қызмет ететіне ерекше тоқталды.
Бітіруші түлектерге дипломдарды Басқарма мүшелері мен проректорлар салтанатты түрде табыстады.
Салтанатты шарада KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың атынан оқу озаттары мен ерекше белсенділік танытқан үздік түлектерге Алғыс хаттар, сонымен қатар университеттің әскери кафедрасын аяқтаған түлектерге «запастағы лейтенант» әскери шені салтанатты түрде табысталды.
Диплом алу – әрбір жас маманның өміріндегі маңызды белес. KazNARU сапалы білім мен кәсіби тәжірибе жинақтаған түлектер ауыл шаруашылығының өркендеуіне өз үлестерін қосатынына сенім білдіреді.
KazNARU Баспасөз қызметі