KazNARU-дың БЕЛСЕНДІ СТУДЕНТТЕРІ ЫСТЫҚКӨЛДЕ ДЕМ АЛЫП ҚАЙТТЫ

KazNARU-дың БЕЛСЕНДІ СТУДЕНТТЕРІ ЫСТЫҚКӨЛДЕ ДЕМ АЛЫП ҚАЙТТЫ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің қоғамдық өміріне белсене араласып, білімде, ғылымда, спортта, еңбек және волонтерлік қызметте үздік нәтиже көрсеткен 50 студент 2026 жылдың 27–30 шілдесі аралығында Қырғыз Республикасындағы Ыстықкөлге барып, демалып қайтты.

Студенттер KazNARU Басқарма төрағасы – Ректор, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлына көрікті көл жағасында ұмытылмас демалыс ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, осындай игі бастаманы жыл сайынғы дәстүрге айналдырғаны үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Ыстықкөлге жолдама алғандардың қатарында оқу озаттары, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары, ғылыми жобаларға белсенді қатысқан жастар, университеттің мәдени және спорттық өмірінде ерекше көзге түскен студенттер, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына, қайырымдылық және волонтерлік қызметке белсене қатысқан білім алушылар бар.

Ыстықкөл – Орталық Азиядағы ең ірі әрі суы тұнық көлдердің бірі. Ол теңіз деңгейінен 1608 метр биіктікте орналасқан, ең терең жері 668 метрге дейін жетеді. Әсем табиғаты, көркем ландшафттары, термалды бұлақтары, табиғи және тарихи көрікті орындары бұл өңірді туристер көп келетін мекендердің біріне айналдырған.

Демалыс аясында студенттер Чолпон-Ата қаласында болып, Қырғыз мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында қырғыз халқының қолөнер бұйымдарымен және өзге де тарихи жәдігерлермен танысты.

Университетте студент жастарды жан-жақты қолдау, олардың азаматтық белсенділігін арттыру, еңбекқорлық пен жауапкершілікке баулу – тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Осындай игі бастамалар жастарды жаңа жетістіктерге жігерлендіріп, белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. 

Демалыс барысында студенттер Ыстықкөлдің әсем табиғатын тамашалап, мәдени-танымдық орындарды аралап, жаңа оқу жылы қарсаңында күш-қуат жинап, көтеріңкі көңіл-күймен елге оралды.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник