KazNARU ЖАҢА БУЫН СТУДЕНТТЕРІНЕ АҚ ЖОЛ ТІЛЕДІ

KazNARU ЖАҢА БУЫН СТУДЕНТТЕРІНЕ АҚ ЖОЛ ТІЛЕДІ

KazNARU-да дәстүрлі «Студенттер қатарына қабылдау – 2026» салтанатты іс-шарасы өтті. Биыл бірінші курс білім алушылары үшін маңызды мереке Алматы қаласының туған күнімен тұспа-тұс келді.

Бірінші курс студенттерін Басқарма Төрағасы – Ректор Ақылбек Күрішбаев құттықтады. Жаңа оқу жылында KazNARU-ға 1400-ге жуық мемлекеттік грант иегері, ақылы негізде 700-ден астам білім алушы, сондай-ақ 20 мемлекеттен 600-ге жуық шетелдік студент қосылды.

Жастарға арнаған сөзінде ректор KazNARU-дың зерттеу университеті ретінде даму бағыттарына тоқталды. Бүгінде оқу орны әлемнің 200-ден астам жетекші университеті және ғылыми орталығымен ынтымақтастық орнатып, халықаралық зертханалар мен қос дипломды бағдарламаларды дамытуда. Басым бағыттардың қатарында жасанды интеллект, биотехнология, цифрлық шешімдер және ақылды ауыл шаруашылығы бар.

Ақылбек Күрішбаев Әділетті Қазақстанды құрудағы жастардың рөліне ерекше мән берді. Осы орайда «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызын атап, білім мен кәсіби шеберлік адал еңбекпен, азаматтық жауапкершілікпен және заңға құрметпен ұштасуы қажеттігін жеткізді.

«Еліміздің ертеңі сіздер жинақтаған білімге, кәсіби шеберлікке және ел игілігі жолындағы адал қызметке тікелей байланысты. Сондықтан сабақты ізденіспен оқып, әр мүмкіндікті тиімді пайдаланыңыздар», – деп студенттерге үндеу жасады Ақылбек Күрішбаев.

Сөз соңында ректор Абайдың талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақым туралы өсиетін жастарға бағдар етіп, бірінші курс студенттеріне алға қойған мақсаттарына нық қадам басып, KazNARU мақтанышына айналуды тіледі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник