МАЛАЙЗИЯДАН KazNARU-ға: 12 БІЛІМГЕР ЕКІ ДИПЛОМДЫ БАҒДАРЛАМА БОЙЫНША БІЛІМ АЛУДА
2026 жылғы 23 қыркүйекте KazNARU «Өнеркәсіптік биотехнология» бағыты бойынша екі дипломды білім беру бағдарламасымен Алматыға келген Малайзияның Паханг Әл-Сұлтан Абдулла университетінің (UMPSA) делегациясы мен 12 білімгерін қабылдады.
Кездесу барысында KazNARU-дың Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Гүлмира Алпысбаева қонақтарды университет қызметінің негізгі бағыттарымен, ғылыми әлеуетімен және инфрақұрылымымен таныстырды. Тараптар оқу үдерісін ұйымдастыру, білімгерлердің KazNARU-да болу жағдайлары және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Малайзиялық білімгерлер KazNARU-да теориялық даярлықты практикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен ұштастыра отырып білім алады.
Делегация құрамына UMPSA-ның академиялық және халықаралық мәселелер жөніндегі вице-канцлерінің орынбасары, профессор Kamal bin Yusoh, Өнеркәсіптік ғылымдар және технологиялар факультетінің деканы Aizi Nor Mazila binti Ramli, сондай-ақ UMPSA, Yayasan Perak және Yayasan Sabah өкілдері кірді.
Сапар барысында қонақтар KazNARU-дың бейінді факультеттері мен зертханаларын, сондай-ақ биотехнология саласындағы кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдарды аралайды.
Екі дипломды білім беру бағдарламасы KazNARU мен UMPSA арасындағы серіктестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және халықаралық құзыреттері бар мамандар даярлауға ықпал етеді.