Балық шаруашылығының бүгіні мен ертеңі: KazNARU студенттеріне арналған ашық есік күні
19 қыркүйек 2026 жылы «ТМТ GROUP» ЖШС басшысы Тұрсынәлі Марлен Тұрсынәліұлы және қызметкерлері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2-3 және 4 курс студенттері үшін ашық есік күнін ұйымдастырды. Қатысушыларға «Балық шаруашылығының бүгіні мен ертеңі» тақырыбында офлайн форматта ғылыми-ақпараттық семинар өткізілді.
Семинар ұйымдастырушылары:
Тұрсынәлі Марлен Тұрсынәліұлы - «Балық мектеп» ғылыми-зерттеу орталығының директоры
Даукеев Самат Абзалович –«Хан балық» шаруашылығының меңгерушісі
Сағынбек Дархан Аманжолұлы – ғылыми қызметкер.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерді балық шаруашылығы саласының қазіргі даму бағыттарымен таныстыру, саладағы жаңа технологиялар мен заманауи тәсілдер туралы ақпарат беру, сондай-ақ болашақ мамандардың кәсіби қызығушылығын арттыру.
Ашық есік күні барысында студенттер балық шаруашылығының бүгінгі жағдайы, аквамәдениетті дамыту, су биоресурстарын тиімді пайдалану және сақтау, балық өсіру технологиялары мен өндірістік тәжірибенің ерекшеліктері туралы мағлұмат алды.
Кездесу барысында сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, балық шаруашылығындағы заманауи үрдістер мен болашақтағы даму перспективаларына тоқталды. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандармен пікір алмасты.
Іс-шара барысында ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді. Себебі балық шаруашылығының тұрақты дамуы білікті кадр даярлаумен, ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізумен және инновациялық технологияларды тиімді пайдаланумен тығыз байланысты.
Ашық есік күні студенттер үшін кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға, сала мамандарымен тікелей байланыс орнатуға және балық шаруашылығының жаңа мүмкіндіктерімен танысуға мүмкіндік берген мазмұнды кездесу болды.
«Орман ресурстары, аңшылықтану және аквакультура» кафедрасы
аға оқытушысы - Искакова Г.О.
ассистент - Дүйсенбекова Г.Г.


