KazNARU-да ИНКЛЮЗИВТІ ОРТАНЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ВОРКШОП ӨТТІ

KazNARU-да ИНКЛЮЗИВТІ ОРТАНЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ВОРКШОП ӨТТІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) Халықаралық инклюзивті білім беру орталығының базасында «Инклюзивті өзара іс-қимыл моделі: студенттер, профессор-оқытушылар құрамы және қоғамның әлеуметтік-мәдени экожүйесін қалыптастыру» тақырыбында воркшоп өтті.

Іс-шараға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, докторанттары, магистранттары мен студенттері, сондай-ақ зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған республикалық кітапхана өкілдері қатысты.

Воркшоп Еуропалық Одақтың Erasmus+ бағдарламасы аясындағы EduFusion гранттық жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – жоғары білім беру жүйесінде қолжетімді әрі инклюзивті орта қалыптастырудың заманауи тәсілдерін талқылау және тәжірибелік ұсыныстар әзірлеу.

Іс-шараны Erasmus+ EduFusion бағдарламасының үйлестірушісі, KazNARU Жасыл және тұрақты даму институтының директоры Рафис Абазов ашты. Ол үздіксіз білім берудің маңызына тоқталып, инклюзивті білім беру саласындағы еуропалық тәжірибелерді таныстырды.

Қолжетімділік жөніндегі маман Светлана Харитонова «Табиғи аумақтардағы қолжетімді туризм» тақырыбында баяндама жасап, туризм нысандары мен қалалық кеңістікті әртүрлі қажеттіліктері бар адамдарға бейімдеу мәселелерін қарастырды.

Практикалық бөлімде Inclusive Tourism Lab өкілі Еңлік Бейсембинаның жетекшілігімен «Mapping Inclusivity: Баршаға арналған кеңістік» воркшопы ұйымдастырылды. Қатысушылар кампусты әртүрлі пайдаланушылардың қажеттіліктері тұрғысынан бағалап, инфрақұрылымдық кедергілерді анықтады және әмбебап дизайн қағидаттарын енгізу бойынша ұсыныстар әзірледі.

KazNARU Жасыл және тұрақты даму институтының жетекші маманы Майя Суюнчалиева «Тұрақты және инклюзивті кампус: GreenMetric стратегиясы және нәтижелері» тақырыбында баяндама жасап, университет кампусын дамыту тәжірибесімен бөлісті.

Іс-шара қорытындысында кампустың қолжетімділігін арттыру, әмбебап дизайн қағидаттарын қолдану және білім беру үдерісіне инклюзивті тәсілдерді енгізу бойынша ұсыныстар әзірленді.

Воркшоп Erasmus+ EduFusion жобасы аясында халықаралық тәжірибе алмасуға және инклюзивті білім беру ортасын дамытуға бағытталған бастамаларды одан әрі жалғастыруға негіз болды.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник