KazNARU-да РЕСПУБЛИКА КҮНІ ЕРЕКШЕ АТАЛЫП ӨТТІ

KazNARU-да РЕСПУБЛИКА КҮНІ ЕРЕКШЕ АТАЛЫП ӨТТІ

KazNARU-да Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шарада университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Ақылбек Күрішбаев ұжымды Республика күнімен құттықтап, ұлттық мерекенің тарихи маңызына тоқталды. Сондай-ақ университеттің дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерді марапаттады.

«25 қазан - еліміздің мемлекеттілігі мен егемендігін айқындайтын маңызды тарихи күн. 1990 жылы Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолындағы шешуші қадам болды. Республика күні – ұлттық бірлікті нығайтып, елдік құндылықтарды дәріптейтін, әр азаматтың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыратын ерекше мереке», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

Жиын барысында білім беру сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ оқу үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту және аграрлық секторға инновациялық шешімдерді енгізу бағыттары да айтылды.

Университет басшысы аталған жұмыстардың бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға және елдің аграрлық ғылымын дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Мерекелік бағдарлама аясында студенттер ұлттық өнер мен мәдени мұраны, тәуелсіздік құндылықтарын дәріптейтін концерттік қойылымдар көрсетті. Көрермендер назарына ұлттық билер, поэзиялық композициялар, дәстүрлі әндер мен күйлер ұсынылды. Сондай-ақ «Алты құндылық – бір болашақ» атты композицияда университет факультеттерінің қоғам мен ел дамуына қосатын үлесі көрініс тапты.

«Менің елім – менің болашағым» атты мерекелік шара Республика күнінің тарихи маңызын айқындап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Бағдарлама аясында ел тарихы, тәуелсіздік жетістіктері мен ұлттық мәдени мұра шығармашылық қойылымдар арқылы насихатталды. Іс-шара жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және ел болашағына деген сенімді нығайтуға ықпал етті. Сонымен қатар, мерекелік жиын ұлттық бірлікті дәріптеп, жас ұрпақты Қазақстанның дамуына үлес қосуға үндеді.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник