Абай мұрасы және толық адам тәрбиесі
2026 жылғы 22 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Сейдалиева Мадина 2-курс студенттеріне арналған «Абай мұрасы және толық адам тәрбиесі» тақырыбында тәрбиелік іс-шара ұйымдастырды.
Тағылымды кездесудің мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеу, жастардың адамгершілік құндылықтар туралы түсінігін кеңейту және ақынның «толық адам» ілімін қазіргі өмірмен сабақтастыра талдау.
Іс-шара әсем күймен басталып, ұлттық өнер мен рухани мұраның өзара үндестігін сезінуге мүмкіндік берді. Күйдің әсерлі әуені кездесуге ерекше мазмұн беріп, қатысушыларды терең ойға жетеледі.
Кездесу барысында Абайдың қара сөздеріндегі білім, еңбек, әділет, ар-ұят, мейірімділік және жауапкершілік мәселелері талқыланды. Студенттер «толық адам» ұғымының мазмұнына тоқталып, ақыл, қайрат және жүрек үйлесімінің тұлғалық дамудағы маңызы жөнінде өз ойларын ортаға салды. Абай өсиеттерінің бүгінгі жастар тәрбиесіндегі өзектілігі нақты өмірлік мысалдар арқылы түсіндірілді.
Іс-шара аясында «Өзіңнен есеп ал» атты шағын тренинг өткізілді. Тренинг барысында студенттер өздерінің күнделікті әрекеттері, мақсаттары, мінез-құлқы мен қоршаған орта алдындағы жауапкершілігі туралы ойланды. Қатысушылар «Мен қандай қасиеттерімді дамытуым керек?», «Бүгін қандай пайдалы іс жасадым?», «Өзімді жетілдіру үшін қандай қадам жасай аламын?» деген сұрақтарға жауап беріп, өзін-өзі тану мен бағалаудың маңызын түсінді.
Кездесу соңында студенттер Абайдың адам болмысы, рухани кемелдену және өзін-өзі тәрбиелеу туралы ойларының өміршең екеніне назар аударды. Тәрбиелік іс-шара жастардың ұлттық мәдениетке деген құрметін арттырып, рухани дамуға, адал еңбек етуге және өз ісіне жауапкершілікпен қарауға үндеді.